Қытайдың Датұң қаласында өткен Джеки Чанның Бесінші халықаралық экшн фильмдер апталығының шымылдығын қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әнші Instagram-дағы парақшасына фестивальдің ашылу салтанатында айтқан әнінің видеосын жариялап, «Джеки Чан ағамыздың кешінен» деп жазды.
Видеодан Димаштың өнеріне ұйыған жұрттың бірге әндеткені көрінеді.
Еске сала кетейік, Димаш пен Джеки Чан бұрыннан жақсы таныс. Қазақ әншісі Қытайда өткен I am Singer жобасында миллиондаған қауымның жүрегін жаулаған болатын. Сонда әйгілі актермен кездесіп, иығына қазақтың шапанын жауып, қоңыр үнді домбырасын да сыйға тартқан еді.
Сол жолы Димаш Инстаграм парақшасына: «Бүгін менің өмірімде тариxи есте қалатын ерекше күн! Атақты актер Джеки Чан мырза мені теледидардан көріп, кездесуге шақырды! Кездесуде актер маған өзінің эксклюзивті күртешесін және арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты! Ал мен актерге қазақтың шапанын жауып, домбыра сыйладым! Домбырамен бір күй шертіп беруімді өтінген Джеки Чанға Нұрғисаның Әлқисасынан шашу шаштым! Өз кезегінде актер маған соңғы »Kung Fu Yoga« кинокартинасындағы би қимылдарын үйретті. Бала кезімнен бері келе жатқан сүйікті актерім маған өз ақыл- кеңестерін беріп, шығармашылығымды бақылайтынын айтты. Сөз соңында, барша Қазақстан xалқын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әдемі лебіз-тілегін білдірді! Келесі кездесуді асыға күтеміз! Армандар орындалады!», - деп жазған болатын.