07 жел, 2020 сағат 15:05

Димаш Құдайберген 9 айдан кейін сахнаға шықты

Мәскеудегі ВТБ аренада дәстүрлі «Жыл әні» концерті өтті. Өткен ғасырдың 70 жылдарында басталған аңызға айналған фестиваль бұл жолы барлық әртістер мен олардың жанкүйерлері үшін көптен күткен үлкен мерекеге айналды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" DimashNews-ке сілтеме жасап.

Бұл – коронавирус пандемиясына байланысты карантиннен кейінгі Ресейде өткен алғашқы ауқымды концерт. 

5 желтоқсанда өткен кеште Димаш «Там, где живет любовь», «Your Love» және жаңа «Я скучаю по тебе» атты үш әнді орындап, жанкүйерлерінің көңілінен шықты. Әртіс пен Dears-тің (жанкүйерлер) бір-бірін қатты сағынғаны анық сезілді.

 «Мен қазір бастан кешіп жатқанның бәрі - бұрын-соңды болмаған эйфория сезімі. Дәл осы сәтте «сөзбен жеткізе алмаймын» деген тіркесті айту орынды болар еді. Мен 9 айдан бері сахнаға шыққан жоқпын, сондықтан көпшілік алдында, әсіресе осындай қиын кезеңде қайтадан өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Мені қолдауға келгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мен бәріңізді жақсы көремін, сіздерді қатты сағындым!», - деді ол.

Мәскеуге «Жыл әніне» түрлі қаладан Димаштың жанкүйерлері келді. Олар сондай-ақ көптен күткен кездесуден алған әсерімен бөлісті. Олардың айтуынша, Димаш тамаша өнер көрсеткен. 

«DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев Dears-ке осылай жылы қабылдағаны үшін алғысын білдірді.