Димаш Құдайберген Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіне барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарияланған ақпаратта Димаш Құдайбергеннің Қазақстанның Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігіне барып, қазақстандық дипломаттармен және олардың отбасыларымен кездескені жазылған.
«Танымал қазақстандық әнші БҰҰ штаб-пәтерінде де болып, алған әсерлерімен БҰҰ Жаңалықтар қызметіне берген сұхбатында бөлісті», - деп атап өтеді ведомстводан.
«Дәл қазіргі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені бүгін тағдырдың арқасында маңызды кабинеттерде болып, мұның барлығын өз көзіммен көру бақыты бұйырды және дүниежүзі адамдары осы жерде бас қосып, маңызды түйткілді әлемдік мәселелерді шешеді. Бәрі көз алдымда орын алды. Білмеймін, әйтеуір таңғажайып сезімді бастан кешірдім. Олардың қасына барып: «Барлық мәселелерді бүкіл әлемде соғыс болмайтындай, бүкілі бақыты әрі достықта өмір сүретіндей етіп шешулеріңізді өтінемін» деп айтқым келді», - деді Димаш еліміздің Сыртқы істер министрлігі таратқан видеода.
Естеріңізге сала кетсек, күні кеше ғана Бруклиндағы (Нью-Йорк) Barclays Center сахнасында Игорь Крутойдың «65-ке өмірде, бір-ақ рет толамыз» атты кеші өткен болатын. Концертке Димаш Құдайберген құрметті қонақ ретінде қатысып, бірнеше ән орындады.
Айта кетерлігі, дәл осы Бруклиндағы Barclays Center сахнасында Димаш та концерт береді. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен өтетін мәдени кеште әнші 4 тілде ән салады.