Димаш Құдайберген өзінің Instagram-дағы парақшасында CBS телеарнасындағы америкалық The World's Best ("Әлемнің үздіктері") таланттар шоуы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бәрін басынан бастаймын. Бірақ соған лайық па? Лайық. Өйткені кім жеңілуге дайын болмаса, жеңуге де дайын емес. Уақыты келген секілді. 3 ақпан. Америка. CBS арнасында жаңа шоу. Бұл менің соңғы конкурсым болады", — деп жазды Димаш.
Димаш Қазақстан атынан қатысып отырған жалғыз әнші емес. "Голос. Дiти" байқауының жеңімпазы, "Балалар Евровидениесіне" қатысушы Данэлия Төлешова да бұл конкурста бағын сынамақ.
CBS арнасындағы бағдарламаны комик Джеймс Корден жүргізеді, ал әділқазылар алқасында актриса Дрю Бэрримор, тележүргізуші РуПол Андре Чарльз және әнші Фейт Хилл болады. Қатысушылар үш жюриді ғана емес, әр саланың 50 сарапшысын таңғалдыруы тиіс.
Бағдарлама барлығы 10 бөлімнен тұрады. Жобаны American Idol ("Америкалық идол") атқарушы продюсері Майк Дарнелл мен The voice атқарушы продюсері Марк Бернетт ұйымдастырып отыр.