23 қыр, 2020 сағат 08:37

Диляра Қайдарова: Онкологиямен ауырған 2500 науқас коронавирус жұқтырды

Қазақстан онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Диляра Қайдарова коронавирус індеті кезеңінде онкологиясы бар науқастардың коронавирус жұқтырғаны туралы айтты. Осындай науқастарға ем-шара қалай жүргізілгені туралы Диляра Радикқызының сұхбаты Strategy2050.kz сайтында жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


 

- Диляра Радикқызы, онкологиясы бар науқастар ковид жұқтырған жағдайда екі ауруға да бірдей ем қабылдай ма?

- Жоқ, науқас ковидтан толық айықпайынша, арнайы онкологиядан ем-шара жасай алмаймыз. Химиятерапия жұқпалы дерт кезінде аса қауіпті. Егер онконауқас ковид ауруына шалдықса, ол барлық халықаралық стандарт бойынша емдеуді тоқтатады. Коронавирус жұқтырған науқасқа химиотерапия, сәулелік терапия және хирургиялық емдеу қабылдауға қатаң тыйым салынады. Бұл ауруды асқындырып жібереді. Науқаста коронавирустың жеңіл түрі болса, ол емханаға баруы керек немесе үйде 14 күн емделуі қажет. Содан кейін ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткенде ғана емдеуді жалғастыра алады. Біз емдеуді тоқтатпаймыз, бірақ тест нәтижесі теріс болу керек.

- Пандемия кезінде онко-ауруханалардың жұмысында өзгерістер болған шығар?

- 20 шілдеден бастап барлық онко ауруларды емдейтін орталықтар штатты режимде жұмыс істеуді бастады. Пациенттер стационарда да, амбулаторияда да ем қабылдай алады. Дәрігерлер жеке қабылдау да өткізеді. Барлық науқастар міндетті түрде ПТР тест тапсырады. Коронавирус әлбетте біздің жұмысымызды өзгертіп жіберді. Жаңа жұмыс форматы қалыптасты. Онкологиялық ауруханада консультация алу үшін міндетті түрде коронавирусқа тест тапсырылады. Бұл сараптамадан бөлек, ВИЧ пен гапатит, биохимия, қан талдауы, ЭКГ, өкпе рентгені сияқты анализдер де бар. Мұның бәрін тұрғылықты жері бойынша емханада тапсыруға болады.

- Жұмыс барысында коронавируспен ауырып жүрген онконауқастарды емдеу жағдайлары орын алды ма?

- Бізде қазір мынадай алгоритм қалыптасты: егер біз науқасты ота жасауға алсақ, біз міндетті түрде өкпесіне компьютерлік томография жасаймыз. Кейде коронавирус ауру белгілерін көрсетпей өтеді. Бізге ПТР тесті теріс болып келген пациенттер болды. Алайда, сәулелі терапия басталғанда, пневмония бірден қозып кетті. Енді сондай жағдайларды болдырмау үшін біз ПТР тесттен бөлек пневмонияны анықтайтын компьютерлік томография жасаймыз.

-Аймақтарда онкологиялық ауруханаларда дәрі-дәрмек мәселесі қалай болып жатыр?

- Дәл қазір «СҚ Фармация» арқылы онкопрепараттар дер кезінде алынып жатыр. Жазда аурудың таралуы қатты күшейгенде, «Бонефос» пен «Зомета» препараттары жетіспеді. «Помидронат» атты препаратты қолдануға тура келді. Дәл қазір республиканың барлық аймағында химиялы терапия мен сәулелі терапия жүргізуге арналған барлық препарат бар.

- Пандемия кезінде қанша қазақстандық онконауқас коронавирус жұқтырды? Өлім жағдайы болды ма?

- Жалпы саны 2447 онконауқастың емін тоқтатуға мәжбүр болдық. 25 науқас өкінішке орай қайтыс болды. Коронавирустан 14 күндік ем алып жазылып шыққан науқастардың емін жалғастырдық. Біз емдеу шараларын доғармаймыз. Тек коронавирус кезінде арнайы онкологиялық емнен жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін. Сондықтан уақытша тоқтата тұрамыз.

- Пандемия кезінде коронавируспен ауырмаған онкологиясы бар науқастардың емі қалай болды?

- Олардың емі тоқтаған жоқ. Бұрынғыдай емес, онкоауруханаға кіру ережесі өзгерді. Санитарлық талаптарды күшейттік. Маскалы режим енгізіліп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау қатаң бақылауда. Қазірдің өзінде солай. Барлық науқастар ауруханаға жатқызылды. Ешкім ауруханаға жатудан бас тартқан жоқ. Олар сыртқа шықпай, артық адаммен байланысқа түспей ем қабылдап жатыр.

- Диляра Радикқызы, сұхбатыңызға рақмет.