19 шіл, 2021 сағат 15:03

"Дикий Арманды" спецназ ұстады": полиция желіде тараған видеоға түсініктеме берді



Нұр-Сұлтан полициясы желіде тараған "Дикий Арманды ұстау" видеосына қатысты түсініктеме берді.


Инстаграмдағы "Типичная Астана" паблигінде елордадағы көңіл көтеру мекемесінде бір топ адамның ұсталғаны түсірілген видео тарады.


Автор Нұр-Сұлтан полициясы жедел іздестіру шаралары барысында қылмыс әлемінің серкелері "Дикий Арман", Алиба "Семский" және олардың достарын ұстағанын жазды.  


"Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев елордаға қонаққа келді. Оны Алиба қарсы алды. Астанадағы қымбат мейрамханадағы отырысты "спецназ" бұзды. Олардың барлығы профилактикалық шара үшін полиция бөліміне жеткізілді", - деп жазылған видео астында.


Нұр-Сұлтанның полиция департаменті бұған қатысты түсініктеме берді.


"Жедел іздестіру және рейд шараларын өткізу барысында көңіл көтеру мекемелерінің бірінде алты адам ұсталды. Барлығымен профилактикалық әңгіме жүргізілді", - деді ПД баспасөз қызметі.


Полиция көңіл көтеру мекемелерінде қылмыстың алдын алу үшін жедел алдын алу және рейдтік шараларды үнемі жүргізіп тұрады, деді департаменттегілер.