Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұл «AMANAT» партиясы келешегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Партия да қоғамның айнасы,. Ол қоғамдағы билікке жеткен топтың да, билікке ұмтылушы топтың да арман-мүддесін көрсетеді. Әрине, біз Nur Otan-ды биліктің партиясы деп келдік. Парламенттегі негізгі көпшілікті де солар құрады. Қазір қоғам өзгерді. 5 қаңтардан кейінгі қоғамды, қалай десек те, қандай өлшеммен қарасақ та, өзгерген қоғам. Оны уақыттың өзі өзгертті, Қазақ елінің дамуы осыған алып келді. Партияның «AMANAT» деген атпен жаңғырғаны әдебиетші, әдеибет таризының маманы ретінде менің көңілімнен шығып отыр», - деді ғалым.
Академик жаңғыруды бастан өткеріп жатқан билік партиясы халық 30 жылдан бері күтіп келе жатқан игіліктердің қоғам өміріне енуіне жол ашуға тиіс деп есептейді.
«Бұрыннан келе жатқан елдік арқауымыз бар. Сондағы негізгі бір кілт сөздердің бірі осы «AMANAT». Ең басты мәселе неде? Халықтың аманаты неде еді? Бүкіл халық тәуелсіздікті армандап күтті. Ол елге әлеуметтік игіліктер әкеледі, халықтың өз қолы өз аузына жетеді деп есептеді. Біз тілден, дәстүрден, мәдениеттен кембағал болып қалғанбыз. Отаршылдық дәуірдің азабын көп тарттық. Соның орнын түгендейді деп күттік. «AMANAT» сол арманды орындауы керек», - дейді қоғам қайраткері.
Оның айтуына қарағанда, «AMANAT» ең әуелі әлеуметшіл партияға айналуы керек.
«Мен бұл партияға 2004 жылдан бері мүшемін. Жүрген жерімнің бәрінде партиямыздың жаңаруы туралы осы ойды айтып жүрмін. Бұл әлеуметшіл, халықтың мүддесін орнататын партия болуы керек.
Ал рухани мәселеде осыған дейін не орындалмады? Соны жерге түсіп, халықпен бірге болып, арман-мүддесін орындайтын партия болуы шарт.
Бәріміз елден шықтық. Ауылдарда бүкіл істің қиюын келтіріп, тетігін ауып отыратын ақсақалдар болады. Сол ел ағалары қалай жұмыс істейді? Осындай ұлттың танымында бар тетіктерді ұжым көлемінде, мемлекет көлемінде қарап, іске асыруға болады. Іс басында жүрген «AMANAT» партиясының мүшелері осыны қолға алуы керек деп ойлаймын. Бұл да қоғамның бір өлшемі, барометрі. Ертең халық берілген уәденің есебін сұрайды. Оның үстіне түрлі сайлаулар келе жатыр. Ауыл әкімдерін, аудан әкімдерін сайлау жолға қойылып жатыр. Мұның бәрінде «AMANAT» басқа да партиялармен тең бәсекеде пісіп, жетілуі керек. Бізде жалпы партияларымыз пісіп, жетілмей қалған. Қанша жерден насихаттап, атын жарқыратып іліп қойғанмен, партия адам секілді өзі жетілуі керек», - деді Дихан Қамзабек.