«Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек». Бұны 1841 жылы Шәміл айтқан.
«Кішкентай халыққа үлкен дос керек». Бұны 1941 жылы Әбутәліп айтқан», – дейді Расул Ғамзатов «Менің Дағыстаным» кітабында.
Ал 1991 жылы біз айтар едік: «Қазіргі кішкентай халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек». Рухы болмаса, қанжардан оған не пайда, үлкен достан не қайыр! Және қазірде қанжар – қауқарсыз, достың көбі – тұрақсыз.
Рухы жоқтың жігері, намысы жоқ; жігері, намысы жоқ халық – халық емес, тобыр. Айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін тобырдың малдан несі артық?!
Қай уақытта, қай елде болмасын, ұлттың ұлы перзенттері ең алдымен сол ұлттың рухын көтеруді ойлаған. Сол үшін күрескен, сол үшін қам жеген, қайғырған. Қараңыз, үнді елі ағылшындардан азат болған кезде Махатма Ганди: «Біздің халық ұзақ жылғы отарлық езгіде небір асылы мен қымбатынан айрылды. Солардың арасынан бір ғана қасиетті дүниемізді таяу арада қайыра алмаймыз ба деп қорқамыз. Ол – Халықтың рухы. Одан үлкен байлығымыз да жоқ еді», – деп күйінген.
Бұл сөздің қадір-қасиетін бірінші болып біз білуге тиіспіз. Өйткені екі жүз елу жыл бойы отарлық езгінің тақсіретін тартқан қазаққа «айрылғаның - анау, жоғалтқаның - мынау» деп саусағыңды санай беру тым артық. Алайда күні кешеге дейін өзіңнің кім екеніңді білдіріп: «Мен қазақпын!» деп айқай салып айтуға әмсе дәтің жете бермегенін ешқашан да естен шығаруға бола ма! Сондай сәтте жігеріңді жасытып, маңайыңа жалтақ-жалтақ қаратып, еңсеңді езіп, мысыңды басып тұратын әлдебір күшті де сан рет сезген шығарсың. Ол не екенін білдің бе? Білмедім десең, айтайық, ол – өзгенің рухы. Бірақ сенде жазық жоқ. Әкеңде де кінә аз. Бар қасірет – бабаларыңнан бастап бас шұлғыта берудің сан саясатын жасаған отарлық озбырлықта. Әуелі ол 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы уставымен» елдік тұтастығыңнан айырды, сосын 1864 жылғы «Жаңа низамымен» бірлігіңе қол салды; одан соң бай, кедей деп бір ұлтыңды екіге бөліп тастады; ақыр соңында айналасы жиырма жылда әліппеңді үш рет өзгертіп, тарихи жадыңды өшіруге тырысты. Оның бұдан басқа зобалаңы жетерлік. Олардың әрқайсысында халық қаншама рухын жоғалтты десеңізші! Ақиқаты сол, барлығы жоспармен, зорлықпен жасалды. Өйткені кез-келген отарлаушы халықтың отарланушының тек рухынан қорқатын баяғы әдеті. Сондықтан оны (рухты) бесігінде тұншықтыру үшін олардың ақылы мен айласын аяп қалған жері жоқ. Соның нәтижесінде бізге "Бірінші Петрден артық адам жоқ, Абылайдан өткен надан жоқ" болып көрінді. Және бір шындығы, біреу сонда: «Біздің шалымыз – шал, сендердікі – мал» десе, оған да шын ниетімізбен сендік. Бұған тіпті бізді қойып, сона-ау Жоғарыда отырған кейбір ағаларымыз да жиі-жиі сеніп қалып жүрді. Бұл сөзге дәлел іздесеңіз, бір кезде «АЗ и Я»-ның қалай теперіш көргенін, тарихи романдардың қандай талқыға түскенін, олар жөнінде кезінде кім не айтқанын еске түсіріп көріңіз. Ал біз тек бір ғана мәселені айта кетейік.
Сексенінші жылдардың ортасында Орталық Комитеттің газет-журналдарға берген бір ауызша тапсырмасы болған. Ол – Iлияс Есенберлиннің тарихи романдарын сынау еді. Не үшін? Әрине, жаттанды желеу – «ұлтшылдығы» үшін. Енді қараңыз: жылдар бойы тарихың таяз, мәдениетің шамалы, сауатың жоқ деп тұқыртып келген халықты сол романдар қандай биікке жетелеп, қаншама ұрпақтың рухын асқақ көтергенін білесіз бе? Білесіз. Жоғарыдағылар да, Мәскеу де білген. Сол себіпті де қорыққан ол кітаптардан.
Рух дегенде еске түседі, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы алдында Мәскеу, біздіңше, бір жағдайды есепке алмады, я білмеді. Ол – мынау. Қазақтар үшін Қонаев – бірінші хатшы, лауазым иесі, үлкен басшы ұғымынан (иә, біз ұғымдағыны айтып отырмыз) әлдеқайда биікке шығып кеткен тұлға еді. Оның үш Жұлдызы – жалпы қазақтың омырауындағы абырой еді. Оның Саяси Бюроға мүшелігі – жалпақ қазақтың Орта Азия мен Қазақстандағы беделі еді. Бір сөзбен түйіндегенде, біздің ұғымдағы Қонаев – халықтың ар-намысы, рухы болатын. Сол қазақтың асыл ұраны: «Арым – жанымның садағасы!» еді... Бұны түсінбеген Колбин де кейін Сафуан Шаймерденов айтқандай, «қараңғы үйден қара мысық іздеп» тағы әуре болды.
Шүкір, қазақтың рухы қазір көтеріліп келе жатыр.
Мемлекеттік тіл – мәртебеміз.
Қайта оралған арыстарымыз – ұстаздарымыз.
Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Сыпатай, Исатай тойлары – елдігіміз.
Өзгеріп жатқан елді-мекен, көше аттары – жаңарған жадымыз.
Жер жүзі таныған Президентіміз – сеніміміз.
Тұңғыш қазақ космонавты – мақтанышымыз.
Сайып келгенде бұның барлығы – көтеріле бастаған рухымыз. Иә, көтеріле бастаған... Асқақ биік әлі алда. Санаулы ғана санаткер, бірер оңды құбылыс – тұтастай ұлттық рухқа тура өлшеуіш бола алмайды. Аз ұлттың әрбір ұлына темірдей төзім, қайтпас қайсарлық, мұқалмас жігер және самала жарық сана керек. Оны біз қайдан аламыз? Міне, сұрақтың үлкені! Бұған жауапты алдымен мына жайдан іздеп көрелік.
Қытайдың ұлы жазушысы Лу Синь жас кезінде жапон жерінде медициналық институтта оқып жүреді. Ол уақытта орыс-жапон соғысы жүріп жатқан кез екен. Сабақ арасында сол соғыстан студенттерге деректі фильм көрсетіп отырса керек. «...Бірде мен экраннан өзім баяғыда қош айтысқан қытайларымды көріп қалдым,– дейді жазушы «Жан айқайы» жинағына жазған алғы сөзінде. – Олардың арасында денесі жіппен байланған, сом денелі біреуі отандастарының ортасында сүмірейіп тұрды. Экрандағы жазуға қарағанда, орыс армиясында барлаушы қызметін атқарған оны жапондар жазалап, басын кесіп, масқараға қоймақ көрінеді, ал қалғандары сабақ болар осы көріністі тек қызықтауға келген.
Мен сонда медицина дегенің соншалықты бір керемет дүние емес екенін және аурудан өлу де сондай қорқынышты болмасын алғаш рет түсіндім.
Егер халқың тұтастай надан болса, ең мықты, ең денелі келген кез-келген адам я мынадай ойсыздардың ортасында жүреді, я анадай масқараға тұрады. Сол сәтте мен халыққа бірінші қажеттілік рухани жағынан көтерілу де, оның басты құралы әдебиет деп білдім».
Осылай деп білген Лу Синь кейін дәрігерлікті тастап, тек жазушылықпен айналысқан. Және бірінші мақсаты – қалай да халқының рухын көтеру болған. Әдебиеттің кереметтігін осыдан біліңіз!
«Әр қоғамның ертеңі мықты болуы үшін оның бүгінгі әдебиеті мықты болу керек»,– дейді сыншылар. Бұған да дау аз шығар.
В.И.Ленин революцияға дейін тікелей әдебиет туралы бірнеше мақала жазса, оның негізгі себебі: «Әдебиет – революция үшін пайдаланылатын аса зор күш» екенін білген ол.
Қиын-қыстау кезеңдерде ел басқарған адамдардың бірі ақын, бірі публицист болғаны да тегін емес. Демек...
Демек, халықтың, ұлттың, ұрпақтың жайын ойлаған адам алдымен әдебиет жайын ойласа керек.
Қазір біз дәл сондай сәттің үстінде тұрмыз. Дәлірек айт-қанда, бәріміз өтпелі кезеңде тұрмыз. Әрбір өтпелі кезең өз патриоттарын өмірге әкелетіні заңды: ашаршылық кезінде – Т.Рысқұлов, Ғ.Мүсірепов, жаппай репрессия тұсында: «Ол жау болса – мен де жаумын» деп басын қатерге тіккен тағы да Ғ.Мүсірепов пен чекист Серікқали Жақыпов, соғыс жылдарында – Бауыржан Момышұлы (т.б.), Хрущев тұсындағы жер дауында – Жұмабек Тәшенов, кешегі желтоқсан оқиғасында – ақын Жұбан Молдағалиев суырылып алға шығуы – нағыз саналы ерліктің үлгісі. Оларды ойласақ біздің рухымыз көтеріледі.
Ал мына нарықтық экономика кезеңі – бәрінен де күрделі әрі қиын кез. Бұл кезеңде жеке адамдардың ерлігінен гөрі жалпы халықтық патриотизмге, жоғары ұлттық санаға ұмтылу қажет. Оған қалай жетеміз?!
Бұның ең қарапайым жолы – әркім ұлты, ұрпағы үшін мыс-қалдай болсын өз қолынан келетін іс істеуі керек. Ондай іс бар ма? Бар. Және өте көп. Қазір солардың ең біріншісі де бірегейі – ұлт тіліндегі рухани азықтың қамын ойлау.
Егер сіз болмағанда бір айда бір қазақ кітабын сатып алсаңыз – ұлт алдындағы бір парыздан құтылғаныңыз;
егер сіз келесі жылдың болмағанда бір баспасөзіне жазылсаңыз – ұлттық намысыңыздың сәл де болса оянғаны;
егер сіз өз тіліңіздегі сол кітап пен баспасөзді ыждаһатпен оқып отырсаңыз – күн сайын рухыңыздың өсе түскені;
егер сіз оқығаныңызды насихаттай жүрсеңіз – онда ұлттық санаңыздың самғау биікке ұмтылғаны.
Қысқасы, саны аз халықтың саналы азаматтары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек. Ол үшін ең бірінші еліміздің еңсесін, рухын көтере білейік. Рухты көтеретін ұлы күш – жоғарыда айтқан әдебиет, баспасөз. Ендеше бәріміз жиылып осы әдебиет пен баспасөздің көсегесін көгертуге ұмтылайық.
Дидахмет Әшімханұлы,
1991 жыл