19 қыр, 2022 сағат 08:56

Дэвис кубогы: Қазақстан құрамасы соңғы матчын өткізді


Шотландияның Глазго қаласында Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан құрамасы D тобындағы соңғы матчын Дэвис кубогының он дүркін чемпионы Ұлыбританиямен өткізді. 

Қазақстандық Дмитрий Попко «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы, екі мәрте Олимпиада жеңімпазы Энди Маррейге 4:6, 3:6 есебімен есе жіберсе, Александр Бублик Кэмерон Норриді ұтты – 6:4, 6:3. 

Жұптық бәсекеде Александр Недовесов пен Александр Бублик әлемнің бірінші және үшінші ракеткалары Джо Солсбери мен Нил Скупскиге қатты қарсылық көрсетті. Үш сет те тай-брейкпен аяқталып, соңғы сәтте ұлыбританиялықтар жеңісті жұлып алды – 6:7, 7:6, 6:7. 

Жалпы есеп – 1:2, Ұлыбритания пайдасында. 

Топтық бәсеке барысында Бублик пен Недовесов әлемнің жұптық сындағы көшбасшылары, нидерландылықтар Колхоф (4 ATP) пен Мидделкопты, сондай-ақ америкалықтар Рам (2 АТР) мен Сокты жеңді. 

D тобынан Нидерланд пен АҚШ құрамалары ширек финалға шықты. Енді қазақстандық теннисшілер алдағы жылдың ақпанында келесі командалық әлем чемпионатының жолдамасы үшін таласады. Жеребе қараша айының аяғында тартылады.