GETTY IMAGES
Еуроодақ 30 мың украин әскерін жаттықтырады. Олар Батыс елдерінің Украинаға берген әскери техникасын қолдануды меңгереді. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
Бұған қоса, Еуроодақ Украинаға минадан тазалау жұмыстарын жүргізу үшін 25 млн еуро қаражат бөлмек. Бұл бойынша ресми мәлімдеме 3 ақпанда Киевтегі "ЕО – Украина" саммитінде жарияланады деп айтылады.
Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен саммит басталмай тұрып, 2 ақпанда украин үкіметі мүшелерімен кездеседі. Олар Украинаны Еуроодаққа жедел қосу мүмкіндіктері және Ресей билігін әскери басқыншылығы үшін жауапқа тартатын Еуропа трибуналын құру мәселесін талқылайды.
Былтыр қарашада Еуропа елдері украин әскерін жаттықтыру миссиясын (EUMAM) құрған. Сол кезде Украина қарулы күштерінің 15 мың сарбазы жаттығудан өтетіні айтылған. Алайда қазір бұл көрсеткіш екі есе ұлғайды.
Әскери қызметкерлер Еуропада шығарылған құрышты техникаларды (арасында Leopard-2 танкілері де бар) қолдануды меңгереді.
Қаңтардың аяғында Еуроодақ украин әскерін дайындықтан өткізуге 45 млн еуро бөлген.
Айта кетейік, Украина қарулы күштерінің жауынгерлері қазір түрлі елде әскери дайындықтан өтіп жатыр. Ұлыбританияда олар Challenger-2 танкілерін, Германияда Marder техникасын айдауды үйреніп жүр. АҚШ-та да Abrams және Patriot зенит зымыраны кешенін пайдалануды меңгеріп жатқан украин әскері бар. Сондай-ақ олар Чехияда, Польшада және Балтық елдерінде жаттығып жатыр.
Conflict Intelligence Team сарапшыларының сөзіне қарағанда, танк экипажын дайындауға үш ай және одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Бұған қоса, техника, оның қосалқы бөлшектері мен жабдықтарын жөндейтін мамандарды да дайындау керек.