Десанттық-шабуыл әскерінің подполковнигі Закир Карачев бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтың қолынан қаруын тартып алып, полиция қызметкерлеріне тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери қызметкердің айтуынша, дәл сол күні жақын досының үйіне қонаққа барыпты. Отырыс енді қыза бастағанда, есіктің қоңырауы шырылдайды. Үйдің иесі есікті ашып, баспалдақ алаңқайына шығып кеткен. Сырттан жеткен дауыстардың қатты естіле бастағанын байқаған подполковник Карачев досының артына далаға шығып оған белгісіз біреудің тапанша кезеніп тұрғанын байқайды. Жылдам қимылдаған десантшы қарақшының қолындағы тапаншаны қағып түсіреді. Бірақ ол екінші қолымен қалтасынан граната шығарып үлгерген еді. Әскери қызметші оны қолымен қысып, қоян-қолтық ұрыс айла-тәсілін қолданып, шабуыл жасаған адамның қолынан суық қаруды жұлып алды. Ер адам қатты қарсылық көрсеткендіктен оны полиция қызметкерлері келгенге дейін байлап тастауға тура келді.
Кейіннен Алмалы аудандық ІІБ-де ұсталған адамда тапанша мен гранатадан басқа газ баллоны, бәкі және 200 долларлық қолдан жасалған ақша болғаны анықталды. Бұдан бұрын ол ұрлық пен бұзақылық үшін ұсталған. Тергеу кезінде қылмыскердің есіктен жаңылысқаны анықталды.
«Әрине, менің бойымды үрей биледі, бірақ, өзім үшін қорыққан жоқпын. Мен отбасыларымыз үшін алаңдадым. Пәтерде әйелдеріміз бен бала-шағамыз қалды. Егер де біз шақырылмаған қонақты қарусыздандырмағанда, оларға үлкен қауіп төнер еді», - дейді подполковник Зәкір Қарашев.
Бұл десантшы әскери қызметшілер арасындағы алғашқы батыл әрекет емес. Естеріңізге сала кетсек, былтыр ефрейтор Данияр Ешайдаров өзінің өміріне қауіп төндіре отырып, тас жолда көлік басып кете жаздаған екі жасар баланы құтқарып қалған болатын. Ал кіші сержант Ғалымжан Әлиуханов өрттенген пәтердің ішінен екі баланы аман-есен алып шықты.