10 қаң, 2021 сағат 09:00

Депутаттыққа жастар мен білікті мамандардың келуіне жағдай жасалды – Назарбаев

Депутаттыққа жастар мен әйелдер, білікті мамандар келуіне жағдай жасалды. Бұл туралы елордадағы «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы орайда көп жұмыстар жасалады. Өздеріңіз білесіздер, өте ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Депутаттардың арасына жаңа адамдар мен жастар, әйелдер, білікті мамандар келсін деген ниетпен алдын ала таңдау жасалып, праймериз болды. Сайлау тек дауыс беру ғана емес, ол еліміздің болашағына байланысты. Қазақ елінің, Отанымыздың болашағы мен үміті, мүддесі бір. Біздің қанымыз да, жанымыз да, жеріміз де бір. Сондықтан әлем алдында тағы да бір бірлігімізді көрсету керек», - деді ҚР Тұңғыш Президенті. 

Осы орайда Н. Назарбаев бұл сайлауда ел болашағы мен бірлігі үшін, еліміздің тыныштығы үшін дауыс беретінін атап өтті.

«Сондықтан дауыс беруге келмеген азаматтарды сайлау учаскесіне келіп, өзінің азаматтық әрі конституциялық құқығын орындауға шақырамын», - деді Елбасы. 

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан аумағында құрылған барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. 

Депутаттарды сайлау бойынша дауыс беру Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерде құрылған 10 060 сайлау учаскесінде жүргізіліп отыр. Сайлау комиссиялары дауыс беру орны мен уақыты туралы дер уақытында ақпарат берді. Елорда уақытымен сағат 08.00-де жағдай бойынша еліміздегі 9 994 сайлау учаскесінде және шет мемлекеттердегі қазақстан өкілдіктері жанындағы 17 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды.

Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті.