Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар әскери зейнеткерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Осы орайда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылдың желтоқсан айында әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешу бойынша қосымша шараларды қарастыратын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қорғаныс министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы ақшалай өтемақы, тұрғын үй төлемдерін алған Қарулы Күштердің әскери қызметкерлерінің жалпы саны 41 133 адам болып, оларға 54,6 млрд теңге бөлінген. Дегенмен, Парламенті Мәжілісіне ҚР Қарулы Күштерінің қатарында әскери күнтізбелік еңбек өтілі 2018 жылдың 1-ші қаңтарына 10 жылдан асқан, бірақ 20 жылдан аз әскери зейнеткерлерден олардың тұрғын үй мәселесін шешу туралы көптеген хаттар келді. Бұл мәселе сайлаушылармен кездесулерде де көтерілген болатын», - деді депутат Нұртай Сабильянов.
Оның сөзіне қарағанда, әскери зейнеткерлердің осы санатына өңірлерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан алмасуға тұрғынжайлардың болмауына байланысты тұрғын үйлер әлі берілмеген. 2018 жылы осы мәселе бойынша Парламент Мәжілісіне Аягөз, Гвардейский, Арыс, Жетіген және Шымкент әскери гарнизондарының әскери зейнеткерлерінен хаттар келді.
Әскери зейнеткерлер өз хаттарында оларды заңнамаға сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етуді, ал алмасуға тұрғын үй болмаған жағдайда, оларға тұрғын үй сатып алу үшін өтемақы төлеуді сұрайды.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 55-бабының 6-1-тармағын жүзеге асыру бойынша барлық қажетті шараларды қолдануды, сондай-ақ өңірлерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан алмасуға тұрғынжайлар болмаған жағдайда, осы санаттағы әскери зейнеткерлерге ақшалай өтемақы төлеу мәселесін қарастыруды сұраймыз», - деді Нұртай Сабильянов.