15 сәу, 2020 сағат 10:49

Депутат онлайн-несиелер туралы: Коронавирустан жылдам тарап жатыр

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов онлайн-несие беретін команиялардың жұмысын тескеруді сұрап, Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

 «Елдегі төтенше жағдай мен карантинге байланысты кірісінен айырылған азаматтардың көбі қазір несие алуға мәжбүр болып отыр. Бұл сәтті үйден шығармай-ақ, анықтамасыз әрі интернет арқылы жылдам несие беретін микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар, қайдағы бір онлайн-компаниялар пайдаға жаратып жатыр», - деген депутат Үкіметпен бірге бұл мәселеге Қаржылық нарықты дамыту және реттеу агенттігі де назар аударуы керектігін айтып өтті. 

Мәжілісменнің айтуына қарағанда, заң бойынша жылдық тиімді ставканың 56 пайыздық шекті мөлшері, төленбеген әр күн үшін өсімпұлдың деңгейі 0,5 пайыз түрінде белгіленген. Заңнамалық шектеулерге қарамастан, онлайн-несие беруші компаниялар 100 пайыздан жоғары жылдық ставкамен несие беруде. Одан бөлек гаранттық үшін немесе қарыз бергені үшін ондай ұйымдар әртүрлі комиссияларды да ала беретін көрінеді.

 

«Ақырында жылдық тиімді ставка 600-ден 700 пайызға дейін кетіп жатыр. Сөзім дәйекті болуы үшін нақты мысалдармен келтірейін. «Кредит 24» компаниясы өз сөзімен келтіргенде: «қарыз алушы туралы мәліметті тексеруде үшінші тұлғаның пайдасы үшін төлем» енгізіп, оның мөлшерін қарыздың 56 пайызына теңестірген. Бұл «жылдам табыс табу» қызметі 27 150 теңгені құрайды. 100 мың теңге қарыз алған адамнан «жылдам төлем» қосымша қызметі үшін 27 150 теңге алынған нақты мысалдары бар. Бұдан бөлек келісімде әр мерзімнің өтіп кеткені үшін 3 мың теңгелік бір реттік комиссия, ал мерзім шартын бұзғаны үшін уақтылы төленбеген төлемнің 1 пайыздық мөлшерін төлеу шарты енгізілген», - деді Аманжан Жамалов.

Депутаттың айтуынша, келісім бойынша ең бірінші кезекте сыртқы ұйымдардың қызмет үшін төлемді, қарыз берушінің шығындарын, сыйақыны, содан кейін барып қана негізгі қарызды төлеу керек болады. Ақырында қарыз алған адам ешқашан берешекті өтей алмай, пайыздарды өтеп жүре береді. 

«Осындай жағдайды Қаржылық нарықты дамыту және реттеу агенттігінің қайда қарап отырғаны түсініксіз. Енді бұл «індет» коронавирустан жылдам өршіп барады», - деді мәжілісмен.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен онлайн-несие беретін компаниялардың жұмысын тексеруді сұрады.