23 жел, 2019 сағат 12:44

Депутат Қазақстанда алиментті қасақана төлемеудің тәсілдерін атады

Парламент Мәжілісінің депутаты Балаим Кесебаева Қазақстанда алимент бойынша берешек сома 5,5 млрд теңгені құрағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алимент бойынша құжаттар саны жыл сайын өсіп отыр. 2019 жылдың 9 айының қорытындысымен алимент бойынша берешек сома 5,5 млрд теңгені (2016 жылы – 1,8 млрд) құраған. Бұл жүздеген мың баланы ата-анасы тиісінше қамтамасыз етпей отыр деген сөз. Алимент өндіру қашанда қордаланған проблемалардың бірі болып келеді. Бұл проблема шешімінің әрдайым табылмауы - халықтың әлеуметтік осал топтарын, яғни аналарды тұрмыстық қиындықтарға соқтыратыны бізді қынжылтады», - деп тоқталды депутат Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Осы орайда ол алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттарды орындауға кедергі келтіретін негізгі проблемаларға тоқталды. Бұл ретте сот орындаушылары тарапынан атқарушылық құжаттардың ұзақ уақыт бойы орындалмауы, алимент өндіріп алу жөнінде қажетті шаралардың қабылданбау мәселесі көтерілді.

«Көбіне жұмыс берушілер жалақыны «қолма қол» және «конверттермен» төлейді, алимент бойынша төлемдерді әдейі болдырмайды, сондай-ақ борышкерлердің жалақысының мөлшерін төмендетіп көрсетеді, осылайша кәсіпорын басшылары бюджетке салық төлеуден де жалтарады. Сонымен қатар, борышкерлерді іздестіру тетігінің тиімді нәтижелері жоқ. Алимент төлемегені үшін борышкерлерді жауапқа тартудың тиімсіздігі байқалуда», - деді Б. Кесебаева.

Бұдан бөлек ол борышкердің тұрақты жұмыс орны мен мүлкі болмаса, онда жеке сот орындаушы одан объективті түрде ештеңе өндіре алмайтынын атап өтті.

Депутаттың пайымынша, сот орындаушыларының алименттерді өндіріп алу туралы істерді уақытылы және толық орындауына бақылауды жүйелі түрде жүргізу керек. Жалпы, алимент бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесін шешу қажеттігі бар.

«Алимент төлеуден жалтару бөлігінде, жұмыс берушілер мен борышкерлердің сөз байласу фактілерін анықтау және жолын кесу қажет. Борышкерлерді іздестіру, мәжбүрлеп әкелу және ұстау тетігін жетілдіру де маңызды», - деді Б. Кесебаева.

Оның айтуынша, баланың қажеттілігін және оның жасын ескере отырып, алимент мөлшерін айқындаудың тәртібін өзгерту, алименттің ең төменгі мөлшерін белгілеу керек.

«Бүгінде, алимент мөлшері борышкердің жалақысынан үлес арқылы анықталады және балалардан гөрі борышкердің мүддесі көбірек ескеріледі. Ал, борышкерлер балаларға айына 5-6 мың теңге ғана төлеу арқылы жауапкершіліктен қашудың заңды әдісін бұрыннан ойлап тапқан. Негізінде, алимент мөлшерін анықтаған кезде баланың мүдделеріне басымдық берілуі тиіс», - деді депутат.