Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокурорға Алтай Көлгінов Орал қаласының әкімі болып тұрған кезде қол қойған қаулы жөнінде сауал жолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Әкімнің қаулысына сәйкес, қала тұрғындарына бағбандықпен айналысу үшін „Венера“ бағбандық серіктестігі арқылы жер учаскелері заңсыз берілген. Заңсыздығы сол, аталған жер учаскелері Жайық өзенінің рекреациялық су қорғау аймағына жатады, қалың ағаш өсіп тұр, соған қарамастан ол жерлер Жайық-Каспий бассейн инспекциясының келісімінсіз берілген. Нәтижесінде қолданыстағы Жер кодексі, Су кодексі, Экология кодексі мен жер кезегінде тұрған 200 мыңға жуық оралдықтың конституциялық құқықтары бұзылған», — дейді депутат.
Оның мәліметінше, қала әкімінің өкілі сотта заңбұзушылықпен толық келіскенімен, жер берілгеніне 3 жылдан астам уақыт өтіп кеткенін алға тартып, уәкілетті органның талап арызын қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Прокуратура өкілі де қалалық әкімшілікті қолдап қорытынды берген. Судья да олармен келісіп, талап арызды қанағаттандырусыз қалдырады.
Орал қаласының сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов қол қойған қаулы бойынша, заңсыз жер учаскесін алған жер иелерінің алдағы көктемде Жайық жағасындағы ағаштарды қырқып, табиғатқа өлшеусіз зиян келтіре отырып, құрылыс жұмыстарын бастауына кеңінен жол ашылды.
«Себебі қолында Жоғарғы соттың шешімі бар. Ол, өз кезегінде, қала тұрғындары мен табиғат жанашырларының ашу-ызасын тудыратыны түсінікті, алайда жер иелерінің құрылыс жүргізуіне ендігі жерде ешкім тосқауыл қоя алмайды. Сонымен қатар осы іспен айналысу барысында қолыма „Венера“ бағбандық серіктестігінің арызы бойынша жергілікті Антикор тарапынан жүргізілген тергеу материалдары түсті. Оған сәйкес, 2019 жылдан бастап осы факт бойынша тіркелген қылмыстық іс екі рет қысқартылған», — дейді Абзал Құспан.
Депутат жерді мүдделі адамдарға рәсімдеудің құйтырқы схемасы болғанын айтады.
«Міне, менің қолымда аталған серіктестік басшысы 2019 жылдың 13 мамырында қолын қойып, мөрін басқан арыз. Оған сәйкес, Жайық өзені бойындағы жерлер әу баста жергілікті әкімдік, жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік жобалау институты мен прокуратура қызметкерлері ұсынған тізім бойынша өз кісілерінің, орысша айтқанда „подставной“ адамдар атына рәсімделіп, кейін басқа адамдарға ауыстырылған. Бұл фактілер тергеу барысында анықталса да, қылмыстық іс бүгінгі күні тоқтап тұр. Ең қызығы, дәл осы қылмыстық іс тергеліп жатқан тұста, 2022 жылдың 30 желтоқсанында, яғни жаңажылдық қарбаласты пайдаланып әлдекімдер жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік жобалау институтының архивіне қасақана өрт қойған, соның салдарынан жер кадастрының мәліметтер базасы орналасқан сервер жанып кеткен. Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс те күдіктінің табылмауына байланысты тоқтатылған», — дейді ол.
Сауал иесі құзырлы орган басшысынан Жоғарғы соттың осы күмәнді шешіміне талдау жүргізу керек деп есептейді.
«Құрметті Берік Ноғайұлы, сізден БҚО-дағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша қалыптасқан сот тәжірибесіне талдау жүргізіп, прокурорлық ықпал ету шараларын қолдануды сұраймын», — деді Абзал Құспан.