11 ақп, 2019 сағат 13:48

Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа комитет құрылады

Жақын күндері Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мен фармация комитеті біріктіріліп, жаңадан тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта екі комитетті араластыру туралы заңнамалық реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мен фармация комитеті біріктіріледі. Алдағы уақытта тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады. Аталмыш комитет екі ұлттық сараптама орталығымен бірге жұмыс атқарады. Яғни, ол комитет Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығы және дәрі-дәрмек саласынан тыс азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау ұлттық орталығымен тікелей жұмыс жүргізеді. Шамамен, Үкімет қаулысы шыққаннан кейін жаңа комитет осы жылдың наурыз немесе сәуір айында құрылады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатта елімізге жеткізілетін шетелдік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігі қалай қадағаланып жатқаны баяндалған болатын.