Фото: Pexels.com
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев хабарлағандай, Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың құнын төмендету, тіркеу рәсімдерін жеңілдету, сондай-ақ дәрілерді жекелендірілген жоспарлау мен есепке алуды енгізуге бағытталған кешенді шаралар әзірледі, деп хабарлайды Ult.kz.
«Дәрілік заттардың шекті бағасын белгілеу моделі өзгертілді. Бұрын шекті бағаларға енгізілген, негізсіз деп танылған кейбір үстемеақылар алып тасталды. 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрі-дәрмектер бойынша қайта есептеу жүргізіледі.
Қазіргі таңда фармацевтикалық қоғамдастықпен көрсетілген моделді сынақтан өткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Біз ТМККК және МӘМС шеңберіндегі дәрі-дәрмектің бағасы шамамен 19%-ға, ал көтерме-бөлшек саудадағы баға шамамен 30%-ға төмендейді деп күтудеміз», – деді Ержан Нұрлыбаев.
Шекті бағаны реттеу тетігі қайта қаралғаннан кейін дәрі-дәрмектің бағасы халық үшін тегін тізбеде де (емханалар мен стационарлар арқылы), бөлшек дәріханаларда да барынша қолжетімді болмақ.
Жаңартылған препараттар тізбесі:
• 3475 дәрілік заттың атауы
• 2917 медициналық бұйым (ТМККК және МӘМС шеңберінде)
• 5936 атау — көтерме және бөлшек сауда үшін
Бағаны төмендетудің орташа көрсеткіштері:
• 2222 дәрі-дәрмек атауы — 18%-ға дейін
• 1847 медициналық бұйым — 14%-ға дейін
• 5492 дәрі атауы (дәріханаларда) — 30%-ға дейін
2024 жылдың қорытындысы бойынша:
• 3+ млн азамат амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды
• ТМККК (48 нозология) және МӘМС (70 нозология) — 118 нозология бойынша
• 246,29 млрд теңге бөлінді
Орталықтандырылған сатып алу нәтижелері:
• 1 593 атау бойынша дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым сатып алынды
• Аурулардың кең таралған түрлері қамтылды: жүрек-қан тамырлары, онкология, диабет және т.б.
Мемлекеттік сатып алуды орталықтандырудың нәтижесі:
• 50 млрд теңге үнемделді
• Қаражат қосымша көлемге, жаңа техникаға, қызмет сапасын арттыруға бағытталады
Қазақстандық өндірушілер үлесі:
• Жалпы көлемнің 30%
• Вакциналар мен орфандық препараттарды есептемегенде — 37%
“Бірыңғай терезе” қағидаты бойынша тіркеудің пилоттық жобасы
Вице-министр “бірыңғай терезе” қағидаты бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеудің пилоттық жобасы туралы айтты. Пилот 2025 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады. Егер тиімділігі дәлелденсе, тұрақты модельге көшу жоспарлануда.
«Цифрландыру министрлігімен бірлесіп композиттік қызметтерді пилоттау жүргізілуде. Композиттік қызметтің шеңберінде ішкі тіркеу рәсімдерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылады. Дәрілік препараттарды тіркеу 100 жұмыс күні ішінде жүргізілетін болады», – деді Ержан Нұрлыбаев.
Қызмет қолданыстағы сараптама, тіркеу және баға белгілеу механизмдерімен қатар жүзеге асырылады. Сонымен қатар, препараттарды Қазақстан ұлттық дәрілік формулярына енгізу үшін кәсіби сараптама да көзделген.
Цифрлық таңбалау және бақылау жүйесі
Барлық нарық қатысушылары цифрлық таңбалау және бақылау жүйесіне толықтай қосылды.
Жүйе іске қосылғалы:
• 366 млн қаптама таңбаланды
• 80 млн-нан астамы айналымнан шығарылды
Қамтылғандар:
• 19 отандық өндіруші
• 272 көтерме сауда компаниясы
• 8000+ бөлшек сауда компаниясы
• 1900+ медицина ұйымы
Таңбалау әрбір қаптаманың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, контрафактіге тосқауыл қойып, тұтынушы сенімін арттырады.
