Delta Bank-тің бұрынғы топ-менеджерлері ұсталды. Бұл ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атап айтқанда, директорлар кеңесінің төрағасы Галина Шалғымбаева, басқарма төрағасы Нұрлан Самзаев мен басқарма мүшесі Кенжегүл Қанатбаева ұсталған.
«Иә, расында да аталған азаматтардың ұсталғанын растаймыз. Тергеу мүддесіне сәйкес бұл іске қатысты басқа ақпарат жарияланбайды», - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қоры «Delta Bank» АҚ салымшыларына төлем төлеу уақытын 2021 жылдың 23 мамырына дейін созған болатын. «ЦентрКредитБанкі» АҚ тиісті келісімшартқа қол қойды. Көрсетілген мерзім ішінде «Delta Bank» АҚ салымшылары агент банкке жүгініп, кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті тікелей немесе сенім білдірілген тұлға арқылы ұсына алады.