© Sputnik / Михаил Мордасов
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды мемлекеттік кірістер комитеті.
Осы бастама шеңберінде бизнес өкілдері — заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары 250.00 нысаны бойынша декларацияны тапсыра отырып, Қазақстандағы және шетелдегі өз активтерін декларациялады.
Бұдан басқа, бұрын жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтар 270.00 нысанды кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларациясын ұсынды.
“Декларацияларды тапсыру мерзімі биыл 1 қаңтардан 16 қыркүйекке дейін белгіленді. Ақпараттық қолдауға қарамастан, кейбір салық төлеушілер белгіленген мерзімде декларация тапсырған жоқ. Мұндай жағдайларда салық органдары бұзушылықтарды жою үшін қосымша 30 жұмыс күнін бере отырып, салық заңнамасында белгіленген мерзімде жеке тұлғаларға салық есептілігін ұсынбау туралы хабарлама жібереді. Осылайша, азаматтарға декларация тапсыру үшін 10 ай уақыт берілді”, - делінген хабарламада.
Декларацияны уақытылы тапсыра алмаған азаматтар үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұзушылықтар жойылғаннан кейін банктік шоттар бойынша шығыс операциялары бір жұмыс күнінен кешіктірілмей бұғаттан шешіледі.
“Жалпыға бірдей декларациялау бойынша декларация тапсыруға міндетті 4,8 миллион адамның ішінен декларацияны ұсынбағаны үшін мемлекеттік кіріс органдары 68,3 мың немесе 1,4% дара кәсіпкер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалардың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатты. Бүгінде декларацияны мерзімінен кейін тапсырған 17,5 мыңнан астам салық төлеушінің банктік шоттарындағы бұғатты шешілді”, - дейді комитет.