15 шіл, 2020 сағат 22:02

ДДСҰ Қазақстанға 2,7 млн доллардың медициналық қорғаныс құралдарын жеткізді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық медицина мамандарына жеке қорғаныс құралдарын жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы әуежайына қазақстандық медицина мамандары үшін жеке қорғаныс құралдары тиелген борт келіп қонды. Жеткізілімді Қазақстандағы ДДСҰ Елдік кеңсесі ұйымдастырды. Жүк партиясында медициналық мамандарға арналған қажетті жеке қорғаныс құралдары бар. Респиратор және медицина маскасы (бетперде), бетке арналған қорғаныс экраны мен көзілдірік, сондай-ақ қорғағыш халаттар. 53 тоннадан астам жүктің жалпы бағасы 2,7 млн АҚШ доллары», делінген хабарламада.

«СOVID-19 індетімен күресте медициналық қызметкерлердің басты рөл атқарады. Олар өзін және емделушілерін инфекция жұқтырып алудан қорғауы және инфекцияның қоршаған ортаға таралуына жол бермеу үшін қажетті қорғаныс құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Қазақстандағы ДДСҰ Елдік кеңсесінің басшысы Кэролайн Кларинваль.

ДДҰ Қазақстанның індетпен күресуіне қолдау көрсету үшін техникалық сараптама жасауға және медициналық жүк жеткізуін жалғастырады.