11 шіл, 2020 сағат 04:43

ДДСҰ COVID-19 жұқтырудың тәулік көрсеткіші бойынша рекорд орнағанын хабарлады

10 шілде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік өсімі бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелгенін мәлімдеді. Коронавирус инфекциясын (КВИ) жұқтырғандардың басым бөлігі Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің, Үндістанның және Оңтүстік Африка Республикасының үлесінде.

Кейінгі тәулікте әлем бойынша 228 102 адамнан КВИ анықталған. Әлемде барлығы 12,4 адамның КВИ жұқтырғаны расталған. Кейінгі алты аптада COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны екі есе өскен. Қайтыс болғандар 560 мың адамнан асты.

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Италия, Испания және Оңтүстік Корея сияқты елдердің мысалдары агрессивті шаралар індеттің тарауын шектеуде тиімді екенін көрсетті деді.

АҚШ-тың оңтүстігі мен батысында індет үлкен қарқынмен тарап отыр. Елде апта бойы күн сайын 60 мыңдай адамның КВИ жұқтырғаны анықталып жатыр. Жергілікті билік тұрғындардан жабық есік жағдайындағы қоғамдық орындарда және көп адам жиналатын ашық есік жағдайындағы орындарда маска тағуды талап етті. АҚШ үкіметі сүйеніп отырған Вашингтон университетінің болжамынша, қоғамдық орында әмбебап маска тағып жүру вирустың тарауын 80 пайызға, өлім деңгейін 60 пайызға азайтуы мүмкін.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Қазақстан КВИ жұқтырғандар бойынша әлем елдері арасында 31-орында. Қазақстан билігінің ресми дерегіне сәйкес, елде 56 455 адамның КВИ жұқтырғаны расталған. Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандар саны бұдан көп болуы мүмкін екенін мойындады. Кейінгі күндері көптеген қазақстандық коронавирустың бар-жоғын анықтайтын талдауды жасата алмай отырғанына (жекеменшік зертханалар анализ алуды тоқтатты), ауруханада орын жетпей науқастарды қабылдамай жатқанына, дәріханалардағы дәрі тапшылығына шағынды.