Дүйсенбіде Еуропаның тағы бірнеше елі AstraZeneca вакцинасын қолдануды уақытша тоқтатты. Ықтимал асқынуларға байланысты бұл препаратпен әзірге халықты вакциналамау шешімін қабылдаған мемлекеттердің тізімін Франция, Германия және Италия толықтырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап.
ДДСҰ басшысы доктор Тедрос Гебрейесус атап өткендей, оның ұйымы жағдайды мұқият қадағалап отыр және тергеу жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, AstraZeneca вакцинасын алған еуропалықтар арасында аздаған тромбоз жағдайлары орын алғаны анықталды. Мәселе Еуропада өндірілген осы препараттың екі партиясы жөнінде болып отыр. Осыдан кейін Еуропаның бірқатар елінің билігі тергеу нәтижелері белгілі болғанға дейін осы вакцинаны қолдануды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.
ДДСҰ сарапшылары тромбоз жағдайлары мен AstraZeneca вакцинасы арасындағы байланыс әлі расталмағанын айтады. Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, әлемде жүздеген миллион вакцина жасалды және әзірге одан бірде-бір өлім ресми түрде тіркелген жоқ.
Көптеген елдерде вакциналау әлі басталмады
«Күн сайын маған әлемнің саяси жетекшілері қоңырау соғады. Өз елдері COVAX аясында вакциналарды қашан алатынын сұрайды», – дейді ДДСҰ басшысы.
«Олардың кейбірі алаңдаулы, мен оның себебін түсінемін. Олар әлемдегі ең бай елдердің вакциналарды көп мөлшерде сатып алып жатқанын көріп отыр. Мұндай көлемдегі вакцинамен кедей елдердің тұрғындарын бірнеше рет вакциналауға болады. Алайда, бұл елдерде бірде-біреуі жоқ», – деп қосты ол.
ДДСҰ басшысы сонымен бірге COVID-19-бен күресте Ынтымақтастық қоры құрылғаннан бері бір жыл өткенін еске салды. Осы кезеңде қор 242 миллиард доллар жинады. ДДСҰ тарихында алғаш рет қайырымдылық жеке тұлғалардан да келіп түсті. Ондаған елдерге жеке қорғаныс құралдары, коронавирусқа тестілер мен медициналық жабдықтар жеткізілді.
Еске салайық, бұған дейін Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы өндірген вакцинаны қолдануды Ирландия, Болгария, Дания, Исландия, Норвегия және Таиланд уақытша тоқтатқан болатын.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы AstraZeneca вакцинасы мен қан ұйығыштық арасында ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеп, пандемиямен күресте вакцинаны қолдануды жалғастыруға шақырды.