19 мам, 2020 сағат 19:39

ДДСҰ ассамблеясы пандемияны зерттеуге келісті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) денсаулық сақтау министрлері деңгейінде әлем елдерінің коронавирус инфекциясымен күрес шараларын зерттеу туралы резолюцияны қолдады. 

Резолюция жобасын Еуроодақ ұсынған, оны жүзден астам ел қолдады. Арасында Ресей мен Қытай да бар. Ешбір ел қарсы болған жоқ. 

Құжатта індеттің тарауына халықаралық реакцияны "тәуелсіз әрі жан-жақты" зерттеу қажеттігі туралы айтылған. Алайда вирустың пайда болуын зерттеу қажеттігі айтылмаған және вирус алғаш пайда болған мемлекет - Қытай туралы да сөз жоқ. 

ДДСҰ ұйымының жиыны видеоконференция форматында өткен. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш пандемияны қазіргі заманның ең күрделі мәселесі деп атады және әзірге оған қарсы тұратын тиімді құрал табылмағанын атап өтті. Гутерриштің сөзіне қарағанда "түрлі елдер вируспен әрқалай күресіп жатыр және кейде даулы стратегиялар қолданады". 

ДДСҰ-ның жұмысын АҚШ президенті Дональд Трамп өткір сынаған. Вашингтон Пекин эпидемияның шынайы тарау ауқымын жасырды деп санайды. Америка билігінің ойынша, ДДСҰ Пекиннен түскен ақпаратқа сенді және індеттің қаупін дұрыс бағалай алмады деп есептейді. 

Сейсенбі күні Трамп ДДСҰ-ны 30 күн ішінде "жұмысын жақсартуға шақырды". Трамптың айтуынша, егер ұйым қандай да бір нәтиже шығармаса, АҚШ бұл ұйымға мүше болу-болмау мәселесін де қайта қарастыруы мүмкін және қаржыландыруды мүлде тоқтатуы ықтимал. 

Соңғы ақпарат бойынша, әлемде 5 миллионға жуық адамға вирус жұққан. 320 мыңнан астам адам қайтыс болған.