Заңгерлер дауыс бергеннен кейін еxit рoll сауалнамасын жүргізушілердің жұмысына қатысты айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, еxit рoll сұрақтарына екі түрлі жауап беруге болады.
«Сіз сауалнама жүргізушіге өзіңіздің кімге дауыс бергеніңізді ашық айта аласыз. Ал егер айтқыңыз келмесе, «Өзім қалаған кандидатқа дауыс бердім» деп қана жауап қатыңыз. Сұрақ иесі нақты жауап талап етсе, Сайлау туралы заңның 8-бабын бұзып тұрғанын ескертіңіз», - деп кеңес береді заңгер.
Заң ғылымдарының докторы әлемде мұндай сауалнама жүргізудің сәтті тәжірибелері бар екенін айтады. Оның пікірінше, сондай сәтті үлгілерді бізге де енгізу артық болмайды.
«Мысал мен Ұлыбританиядағы сайлауға куә болдым. Бізде еxit рoll жүргізушілер тікелей төніп тұрып сұрақ қояды ғой. Ол жақта сәл басқашалау. Сіз дауыс беру кабинасынан шыққаннан кейін алдыңызға бюллетеннің шартты көшірмесін қояды. Кімге дауыс бергеніңізді сол көшірмеге белгілегенше өзі теріс айналып тұрады. Бұл әлдеқайда қолайлы әрі демократияға сай тәсіл», - дейді Серік Ақылбай.
Еске салсақ, «Заңгерлер әділ сайлау үшін» қоғамдық бірлестігінің мүшелері еxit рoll нәтижелерін БАҚ-та жариялаудың тәртібі туралы да айтқан болатын.
Сондай-ақ жұмыс берушілердің қол астындағы қызметкерлерден сайлауға қатысқан-қатыспағаны туралы есепті талап етуі заңсыз екені жеткізілді.