Бүгін «Astana Digital Forum»-ның ашылу салтанатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрландырудың кейбір артықшылықтары жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел экономикасын цифрландырудың ауқымы кең. Мына бір нәрсені елестетіп көріңізші, қазіргі айыппұлдарды екі сағатта емес, төрт-ақ клик басу арқылы рәсімдейтін болады. Бүгінде ондай жоба бар. Адам өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетеді де, айыппұлдың электронды xаттамасы бірыңғай базаға жіберіледі. Сосын бала туғанда оның қай балабақшаға, қай мектепке баратыны бірден анықталатын болады. Мемлекеттің жәрдемақы, балабақша кезегі - бәрі-бәрі әп-сәтте жасалады. Тіпті, перзентxанадан шықпай-ақ, баланың атын SMS-пен жіберіп, жеке құжаттарды да рәсімдеуге болады. Алдағы уақытта осындай қызмет те енгізіледі», - дейді Абаев.
Министрдің айтуынша, болашақта сапалы ғаламторды пайдалану жағынан қала мен ауылдың деңгейі тең болуы қажет. Онсыз барлығы бірдей электрондық қызметтерді қолдана алмайды. Осыған байланысты «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін тағы 2 млн адамды кең жолақты интернетпен қамту жоспарланған.
Айта кетейік, кеше елордадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» апталығы басталды. Бүгінгі «Astana Digital Forum» да аталған шараның аясында өтіп отыр. Форумда цифрлық маркетинг, коммуникациялар саласындағы тың жобалар, мессенджерлер мен чат-боттар, Telegram арқылы табыс табу көздері, Қазақстандағы криптовалюталар нарығының дамуы, электронды БАҚ, әлеуметтік желілер мен блогерлер, интернетте бизнес ашу жолдары және тағы басқа өзекті мәселелер талқыға салынады.