ҚР Үкіметі террористік әрекет үшін азаматтықтан айыру жөніндегі түзетулерді мақұлдады. Алайда ҚР Ақпарат және комуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пікірінше, бұл мәселе бойынша түбегейлі байлам жасауға әлі ерте, деп хабарлайды ҚазАқпарат Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл мәселе әзірге белсенді талқылану үстінде. Мен заң қабылданардан бұрын барлық пікірлер ескеріледі деген ойдамын. Бұл жерде маңызды бір мәселе бар. Террористік әрекеттердің аумағы әлем бойынша кеңейе түсуде және ол түрлі жағдайларда жүзеге асырылуда. Терроризммен күрестің нақты тиімді әдісі әлі табылған жоқ. Әлем елдерінің барлығы қал-қадерлерінше оны іздестіруде. Швейцарияда террористерді азаматтықтан айыру жөніндегі мәселе бірнеше мәрте көтерілді. Сондай-ақ аталмыш тақырып әлемнің көптеген елдерінде талқылануда»,-деді министр «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» атты жоба аясында.
Дәурен Абаевтың сөзінше, заң жобасының бұл нормасы шет мемлекеттерде соғысып жүрген азаматтарға бағытталған.
«Біз әскери қимылдарға үйренген адамдардың елімізге келіп, қауіп төндіруін қаламаймыз. Бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданған жоқ, тақырып талқылануда. Бұдан да жан-жақты ұсыныс, пікірлерді біз Парламент қабырғасында тыңдаймыз»,-деді Абаев.