26 шіл, 2016 сағат 18:34

Дәурен Абаев қазақтілді басылымдардың бас редакторларымен кездесті

«Бүгін «Қазақ газеттері» мен «Жас өркен» ЖШС-на және Жазушылар Одағына қарасты газет-журналдардың бас редакторларымен кездестім. Жиынымызға «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұлан», «Экономика», «Дружные ребята», «Уйғур авази» газеттері мен «Балдырған», «Ақ желкен», «Үркер», «Ақиқат», «Мысль» журналдарының басшылары қатысты», — деп жазды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Фейсбуктағы парақшасында.

Министр оқырман сұранысын арттыру үшін редакциялық саясатты бүгінгі күнге сай жаңғырту мәселесі талқыланғанын айтты.

«Әрине, қазіргі қым-қуыт ақпараттар заманында дәстүрлі медианың тоқтаусыз дамыған интернет-ресурстармен бәсекелесе алатыны әлдеқашан дәлелденген. Оған мысал жеткілікті. Бірақ, ол үшін оқырманның ұдайы жаңарып отыратын қажеттілігін дөп басатын сауатты да ұтымды стратегия қажет.

Кездесуде балалар мен жасөспірімдерге арналған журналдардың болашағы мәселесіне де жекелей тоқталдық. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда заманауи дүниелерге сусаған өскелең ұрпақтың шетелдік медиа-өнімдерге қызығушылығы жоғары екені жасырын емес.

Сондықтан, отандық балалар басылымдарының, ағарту бағдарламаларының т.б. сапасын көтеру біз үшін көкейкесті мәселе болып отыр. Осынау сан салалы жұмысты сандаған жылдық тарихы, қалыптасқан дәстүрі бар «Ұлан», «Балдырған», «Ақ желкен», «Дружные ребята» басылымдарынан бастауға тиіспіз», — деді Дәурен Абаев.

  • Пікір алмасудың соңында басылымдар интернеттегі және әлеуметтік желідегі жұмысты күшейтіп, интерактивтілікті арттыруы қажет деген пікірге тоқталдық. Сонымен қатар, қоғамдағы көкейкесті мәселелерге баса назар аударып, төл өнімдердің бет-бейнесін заманға сай жаңарту және кадрлық саясаты жақсарту қажет, — деді министр сөзін қорытындылай келе.

    Сонымен қатар, Дәурен Абаев ақын Мұхтар Шахановпен кездескенін айтты.

    «Бүгін айтулы ақын, қоғам қайраткері және республикалық «Жалын» журналының Бас редакторы Мұхтар Шахановпен жүздестім. Мұхтар ағамызбен әңгіме барысында отандық журналистиканың бүгінгі аяқ алысын, баспасөздің болашағын, сонымен қатар, жас қаламгерлерге қолдау көрсету мәселесін тілге тиек еттік» — деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Фейсбуктегі парақшасында.