Жеті қырын жүзеге асырсақ, Ұлы даланың ұлылығы одан әрі айқындалатыны анық. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Түбін білмеген түгін білмейді» демекші, мақалада арғы тегімізді түгелдейтін біраз дүние айтылды. Ендігі мәселе айтылған тапсырмалар бойынша нақты іске кірісу. Мақаланы оқи келе бір ұққаным, біздің тарихымыз аса бай, Президент сол байлығымызды дұрыс пайдалануды діттеуде. Себебі, Елбасы айтқандай, біз төл тарихымызды толық танып білген жоқпыз. Тарихымызды толық танимыз десек, онымен мақтанатындай жағдай жасауымыз керек. Мақаладағы аталып өтілген жеті қырды жүзеге асырсақ Ұлы даланың ұлылығы одан әрі айқындалатыны анық», - деді Дархан Мыңбай.
Халық қалаулысының пікірінше, мақалада айтылған Ұлы даланың жеті қырының бірі - Алатау баурайындағы алма мен қызғалдақты одан әрі брендке айналдыру үшін, оларды Астанадағы Ботаникалық баққа отырғызу қажет. Сондай-ақ, жалпы еліміздің аумағындағы сирек кездесетін өсімдіктерді де елорда төріне әкелуге болады. Астанада халықаралық маңызы бар шаралар жиі өтеді. Осы тұрғыда шетелдік қонақтар отандық брендтерімізбен таныса алар еді.
«Біз білетін жеті қырдың астарында мың сыр бар. Жүктелген тапсырманы ел болып жұмылып жасаған жөн. Өйткені, бұл баршаға ортақ абырой. Түркі дүниесін жинаудағы тағы бір көңіліме қонғаны: тарихтың шаңы басқан архив ісін ілгерілету. Осы ретте, Үкімет архив ісі бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, оны заманға сай толық цифрландыру жүйесіне көшіруі қажет. Мысалы, біздің түп тарихымызға қатысты Армения архивінде тың дүниелер бар. Оны екінің бірі білмейді, күзек күттірмей қолға алатын дүниенің бірі - осы Армения архиві. Бір ескеретін дүние, архив бүгін барып, ертең алып келетін іс еме. Бұл жерде мемлекеттік саясат жатыр. Кейде мемлекет басшыларының қатысуымен атқарылатын шаруа», - деді ол.
Еске салайық, кеше Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Онда ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажетті атап өтілді.