16 қараша күні Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген мемлекеттік тілдің әліпбиін латын графикасына ауыстыру мәселесіне, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында белгіленген міндеттерді іске асыруға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел болып өтті.
Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі Д.Мыңбай, ҚХА Төрағасының орынбасары А.Хамедов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің, Ассамблеяның басқа құрылымдарының мүшелері, облыс әкімдері аппараттары жанындағы өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ директорлары және республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, шығармашыл және ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Д.Мыңбай өз сөзінде биылғы жылы Мемлекет басшысы қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтитын ауқымды жаңғыртуларға бастамашылық жасағанын атап көрсетті. Ассамблея «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Туған жер», «Қазақстан қасиетті жерлерінің географиясы» сияқты барлық негізгі жобаларын қолдайды және оларды іске асыруға белсене қатысады. Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиі енгізілуін түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – тілді жаңғыртудың негізі болатын, оның әлеуетін күшейте түсетін маңызды қадам.
ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі мұндай жағдайда ҚХА-ның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда жаңа заңнамалық ұстаным қажет екендігін атап көрсетті. Соның ішінде:
Біріншіден, заңнаманы елімізде қалыптасқан объективті қоғамдық қатынастарға сәйкестендіру керек.
Екіншіден, заңның ұғымдық аппаратын ретке келтіріп, оны ҚР Конституциясының нормаларымен бірдейлендіру қажет.
Үшіншіден, Мемлекет басшысының Ассамблеяның XV-XXV сессияларында берген тапсырмаларына сәйкес ҚХА жұмысының негізгі бағыттарын нақтылау талап етіледі.
Төртіншіден, ҚХА инфрақұрылымының, оның жаңа институттарының жұмысын заңдық регламенттау қажет.
Бесіншіден, этномәдени бірлестіктер қызметін, олардың мәртебесін регламенттеу, дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау мен дамытуда қолдауды күшейту.
Алтыншыдан, ҚХА міндеттері мен функцияларының кеңейтілуіне, кейбір нормалардың нақтылануына байланысты өзге де бірқатар түзетулер көзделеді.
Сөзінің соңында Д.Мыңбай заң жобасы халық бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімнің конституциялық қағидатын іске асыруға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мемлекеттік-басқарушылық шаралардың тұтастай жүйесін жасаудың негізі болатынын атап көрсетті.
Сондай-ақ, «дөңгелек үстел» барысында ҚХА Төрағасының орынбасары А.Хамедов, ҚХА Кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Әбдірайым, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі М.Шайкемелев, «Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігі» ҚБ төрайымы А.Осман, Алматы қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары К.Касимов, Алматы қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Н.Ниязова және басқалар ұсыныстар айтып, сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар жинақталып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жіберілетін болады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша республикалық этномдени бірлестіктер мен «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері үшін «ҮЕҰ қаржылық орнықтылығының негізгі мемлекеттік құралдары/ҮЕҰ қызметінің практикалық аспектілері» тақырыбында семинар-практикум өткізілді.