06 қар, 2017 сағат 18:49

Дархан Мыңбай: Абдулла Розыбақиев өз қызметін абыроймен атқара білді

Барша қазақстандық қолдап, іске асыруға білек сыбана кірісіп кеткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылатын жұмыстардың ішінде ерекшесі, Елбасымыз айтқандай, өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді танытатын іс-шаралар. Қазіргі жаһанданған заманда мәдениеттердің, ұлттардың жақындасуы да уақытқа сай ұшқырлықпен жүзеге асуда. Қазір шын мәнінде де атаның баласы емес, адамның баласы болатын заман. Біз тарихта болған тұлғаларды да, қазіргі замандастарымызды да әркімнің жеке басының елді өркендетуге қосқан үлесіне қарай бағалайтын биікке жеттік.

Осы ретте Алматыда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Абдулла Розыбақиевтің 120 жылдығына арналып өткен салтанатты жиынның тағылымдық мәні зор екендігі сөзсіз. Ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы ұйымдастырған бұл жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай қатысып, жиналғандар алдында сөз сөйледі.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  аталып өткендей, біз дәстүрлерімізді дамытып, құндылықтарымызды, Тәуелсіздік жетістіктерін сақтауымыз керек. Бұл үшін бізге қуатты рухани күш қажет.  Қазіргі  заманауи қазақстандық қоғамда өз еліміздің өткеніне, тарихына, жекелеген тұлғаларға немкетті қарау болмауы керек. Осы ретте, біздің бүгінгі жиынымыздың мәні өте зор», - деп атап көрсетті өз сөзінде Төрағаның орынбасары. - Абдулла Розыбақиев ел басшылығы тарапынан сеніп тапсырылған кез-келген  қызметті абыроймен атқара білді. Алайда Кеңес өкіметінің салқынымен өзінің пікірлес әріптестермен қатар елі мен жері үшін жанын пида етті».

Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ш.Нурумов,  Қазақстан кәрістері қауымдастығының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Р.Ким, «Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының тең төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Мурадов, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Сыдықов, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар және қала тұрғындары қатысты.

Жиында бүгінгі Тәуелсіздік биігіне бағытталған ғасырлар көшінде еліміз сан тарам жолмен жүріп өткені айтылды. Бұл ұлы көште ел болашағы үшін шарқ ұрып сабылған, биік мұрат, адал мақсаты үшін құрбан болған жандар аз емес. Солардың бірі – Абдулла Розыбақиев.

Көзі ашық, көкірегі ояу адамға Абдулла Розыбақиевтің кім екендігін, оның Қазақстан тарихында алатын орны туралы айтып жату артық болар. Дей тұрғанмен де, қазіргі ақпараттар ағынының көптігінен, ел тарихын терең біле бермейтіндерге оның – елімізге адал қызмет еткен перзенттердің бірі болғанын айту парыз.  Қазақ жерінде еркіндік орнатып, өзін-өзі басқаратын мемлекет құру үшін күрескен зиялы қауымның өкілі. Ораз Жандосов, Тоқаш Бокин, Павел Виноградов, Магазы Масанчи және басқа да қоғам қайраткерлерімен бірге Абдулла Розыбақиев те саяси өмірге қызу қатысқан ХХ ғасыр қайраткерлерінің қатарында.

Тарихи деректерге қарап отырсақ, Жетісу жерінде Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске белсене араласқан ол Жәркентте революциялық комитеттің мүшесі ретінде жаңа өмір жаршысы болып, басмашыларға қарсы күресте  ержүректігімен танылған екен.

Ол 1925-27 жылдарда Мәскеуде коммунистік университетте білім алып қайтқан соң, Қызылорда округтік комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Одан кейінгі жылдарда ол Шығыс Қазақстан облысының Павлодар аудандық (кейін округтік) партия комитетінің хатшысы,   Қазақстан компартиясы орталық комитетінің  баспасөз және баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары   қызметтерін атқарады.

А.Розыбақиев – өзі шыққан ұйғыр этносының ғана емес, Қазақстанды мекен­дейтін көп ұлттардың  бостандығы, теңдігі үшін күрескен революционер, барша халыққа ортақ қайраткер. Естеліктерге сүйенсек, ардагерлер – оның езілген тап өкілдерін бірдей көрген, бәрінің де  ауыр тұрмыс-тағдырына жү­регі сыздап, жаны ашыған интерна­ционалист болғанын еске алады.

Жиында айтылған естеліктерде А.Розыбақиевтің қайраткерлігіне қоса адами қасиеттері сөз болып, Жамбыл атындағы  Қазақ  мемлекеттік  филормониясының үлкен симфониялық оркестрінің орындауында  Қ.Ғожамияровтың    «А.Розыбақиевты еске алу» атты  симфониясы орындалды. Ш.Шаваевтың  қайраткер өмірі арқау болған  «5 әйип» атты  драмасынан  көрініс  қойылып,   ақындар оған арнаған жырларын оқыды.

Кештің Алматыдағы А.Розыбақиев атындағы  №153 мектеп-гимназия оқушыларынан құралған хордың орындауында «Қазақстан» әнімен аяқталуының символикалық мәні бар. Кеңес өкіметін орнату үшін күрескендер, сол заманда адал еңбек еткендердің түпкі мақсаты – отанымыз Қазақстанның  тәуелсіздігі мен өркендеуі болатын. Ол арманға құрбан болған қайраткерлердің ұрпағы жетіп отыр.

Ал Алматы қаласындағы А.Розыбақиев есімі берілген көше мен мектеп тарихи тұлғаның халық есінде екендігінің белгісі.