02 мау, 2020 сағат 09:22

Дархан Қыдырәлі: Қоғамда баланың психологиясын жемқорлыққа жетелейтін жағдайлар бар

«AntikorLive» жобасында «Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі БАҚ-тың маңызы» тақырыбында «Egemen Qazaqstan» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жемқорлық дертіне қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы бізде саяси қызметкерлер көбінесе Макиавеллиді оқып, үлгі тұтады. Ал «Макиавелли билікке жету үшін қандай болмасын қадамға баруға болады» дейді. Меніңше, жемқорлықтың бір күші сонда жатыр. Себебі қиянатпен, алдап-арбаумен билікке немесе үлкен жетістікке жетуге болады дегенді оқып өскен жастар, әрине, ондай қадамға барады. Ал енді біздің қоғамда білімге толы кітаптың көп жазылғанын білесіз. Соның бірі әл-Фараби бабамыздың осыдан мың жыл бұрын жазылған «Қайырымды қала тұрғындары» кітабы. Сонымен бірге Жүсіп Баласұғұнның «Құтты білік» кітабында да мемлекеттік қызметкердің, патшаның, уәзірдің қандай болуы керектігі жазылған. Абай «Құтты білікті» оқыған. Сондықтан оның «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде айтылғанындай жемқорлықтың бір ұшы қанағатсыздықта, рақымсыздық пен ынсапсыздықта жатыр», - деді Дархан Қыдырәлі «AntikorLive» жобасында. 

Басылым басшысының айтуына қарағанда, Абай ар мәселесін көтеріп, адам бойындағы ұнамсыз қылықтар мен мінездерді айыптаған. 

«Одан бөлек те өте көп саясатнамалар жазылған. Мысалы Салжұқ мемлекетінің үлкен уәзірі Низам әл-Мүліктің, Науаидің еңбектері болсын билік иелерінің парасаттылығы туралы жазылады. Одан кейінгі еңбектерінің қай-қайсысын алсақ та мұсылман, шығыс әлеміндегі билікте әділет басты орында тұрады. Мысалы «Құтты білік» ілімінде үш кейіпкер бар. Олар: Ақыл, Қанағат пен Әділет. «Әділет-шапқат кімде бар» дейді мысалы Абай. Шапқат дегеніміз – мейірім. Әділеттілік сол шапқатты туғызады. Абайдың одан бөлек «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген сөзі бар. «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» деп толғайды. Жүрек осы әділеттіліктің, қайырымдылықтың ұясы есептеледі. Сондықтан мемлекеттік қызметкер тек ақылды немесе білікті емес, үлкен жүректің иесі де болуы керек», - деді ол. 

Дархан Қыдырәлі ар ілімін терең игерген парасат иесі ешқашан қиянатқа, әділетсіздікке бармайтынын, біреудің ала жібін аттамақ түгілі оған жол бермейтінін атап өтті. 

«Жемқорлықтың өзін нәпсіні жеңе алмаумен байланыстыруға болады. Адамның өзін игермеуі. Жемқорлық ұят категориясы ғана емес, бір жағы ол адамның адамшылығын көрсетеді. Яғни ол адамның құны алған затымен өлшенеді. Бір жағы ол алған адамды да қорлайды. Өйткені оның құны – сол. Шын мәнінде асыл адам айнымас дейді. Айнымайтын толық адамдыққа қадам басқан кісі ештеңеге сатылмайды. Ондай адамдардың қоғамдағы орны ерекше болады. Бізде кезінде тәрбиені көзі осы болған», - деді басылым басшысы. 

Дархан Қыдырәлі бұрын ата-бабаларымыз «ала жіпті аттама» деп ұрпағын ізгілікке үйретсе, бүгінгі заманда жемқорлық балабақшадан басталатынын айтады. Себебі қазір кей адам балабақшаға баласын орналастыру үшін «алатын» адам іздейді. Кейбірі балабақшадағы өз баласына жақсы қарауы үшін тәрбиешілеріне азын-аулақ сыйлық апарып беріп тұрады. 

«Оны пара деп есептемейді. Бірақ қылмыстың үлкен-кішісі жоқ. Ұрлықта да солай. Кішкентай сыйлық берген адам үлкен сыйлық беруге де, алуға да барады деген сөз. Мектептгі баласы үшін кейбіреу мұғалімге қысым жасап жатады. Осының бәрі баланың психологиясын жемқорлыққа жетелейді. Өйткені ол да өзі құралпы баланың жөн-жосықсыз Алғыс хат алып, олимпиадаларға барып жатқанын көреді. Ондай бала өмірдегі қиянатты сезінеді. Демек «мен де мақтау алу үшін осылай жасауым керек» деп ойлайды. Бірақ пара арқылы алға жетелегісі келген ата-ана баласына қиянат жасап жатқанын білмейді. Себебі бұл жерде адалдық принципі бұзылып отыр», - деді Дархан Қыдырәлі.