08 қаз, 2020 сағат 13:20

Дархан Қыдырәлі: Абайдың жылы өзі насихаттағандай даңғазадан ада болып өтуде

Абай кезінде әкесі Құнанбайдың асын өткізбей, оған жұмсалатын шығынды жас шәкірттерге шәкіртақы ретінде, кедей-кепшік, мұқтаж жандарға таратып берген. Бұл туралы «Абай және адамзаттық гуманизм» атты халықаралық форумда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаарат.

«ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатқан Абайдың 175 жылдығы биыл елімі елімізде де, шетелде де атап өтілді. Конференциялар, басқосулар, жиындар өтуде. Біздің маңдайалды оқу орнының бірі – Назарбаев университетінің осындай игі шараға ұйытқы болып отырғаны қуантады. Жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы комиссия құрып, Жарлық шығарды. Ел газеті «Егемен Қазақстанда» Президентіміздің көлемді мақаласы жарық көрді. Жалпы «Егемен Қазақстанда» жылдың басынан бері күн сайын Абай, Әл-Фарабиге қатысты мақалалар жарық көріп келеді. Солардың арасында бүгінгі жиынға қатысып отырған өздеріңіздің де мақалаларыңыз бар. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен мақаласы жарық көрді. «Абайды ұғыну – бір бөлек, Абаймен тоғысу, онымен іштей ұғысу, оның терең әлеміне сүңгіп, өзіңнің болмысыңа сіңіру – бұл қатпары қалың құбылыс» деп Елбасы атап көрсеткендей, Абай әлемімен үндесу – биылғы жылдың үлкен міндеті деп ойлаймын», - дейді Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. 

Ол Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды түркі әлемінде Абай жылы деп жариялағанын айтты. 

«Жылдың басында Бакуде үлкен іс-шара өткіздік. ЮНЕСКО-да үлкен шара өткізуді жоспарлаған болатынбыз, бірақ коронавирус індетіне байланысты ол кейінге шегерілді. Бірақ біз ЮНЕСКО басшыларының, халықаралық ұйымдар жетекшілерінің және белгілі Абайтанушылардың қатысуымен онлайн шара өткіздік. Халықаралық Түркі академиясы Абайға қатысты оннан астам жиын өткізіп, 9 кітап шығарды. Абайдың қара сөздері әзірбайжан, түрік, өзбек тілдеріне аударылды. Абайдың академиялық жинағы Түркия мен Қырғызстанда жарық көрді. Абайтанушылардың үлкен жинағы Түркияда жарияланды. Сонымен қатар, «Абай жолы» роман-эпопиясын Түркияда басып шығардық. Абайдың өлеңдер жинағы мен поэмалары, қара сөздері көптеген тілге аударылып, тұсаукесер рәсімі өтті. Осы шараларға ұйытқы болған біздің ғалымдарымызды, септескен елшілерді құттықтап, рахмет айтамын», - деді ол. 

Сондай-ақ, ол Абайдың жылы да өзі насихаттағандай даңғазадан ада, сондай қарапайым және тойға емес, ойға негізделіп өтіп жатқанын айтты. 

«Абайдың өзі де кезінде әкесі Құнанбайдың асын өткізбей, оған жұмсалатын шығынды жас шәкірттерге шәкіртақы ретінде, кедей-кепшік, мұқтаж жандарға таратып бергені белгілі. Абай тағылымы сонысымен құнды абайдың аманатына адал болу, оның айтқан өсиетіне, асыл ісіне ұмтылуымыз басты мәселе ғой деп ойлаймын», - дейді Дархан Қыдырәлі. 

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған форум Назарбаев Университетіннің Рухани Жаңғыру мәдени орталығы мен Назарбаев университетінің Қазақ тілі және Түркітану кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.