Бүгін Сенатта Жастар жылын өткізу аясында тұрған мақсаттарға арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жастарға пәтер беру тәртібі пысықталып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға пәтер салу бастамасын жасады. Бұл тұрғыда осы баспананы алатындар санаты, параметрлер пысықталуда. Ақпан айының соңына қарай Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе нақты нәтижені көрсетеміз», - деді Д. Кәлетаев.
Оның сөзіне қарағанда, талқылау барысында пәтер алуға үміткерлердің жас аралығы анықталған.
«Бірінші параметр бойынша 29 жасқа дейінгі деңгей айқындалды, себебі заңнамаға сәйкес, жастар санаты 29 жасқа дейін белгіленген. Екінші параметрге тоқталсақ, жастар міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс», - деді Кәлетаев.
Оның айтуынша, баспананың тиісті ауданы бойынше есептеулер жүргізілді.
«Құрылыс салу үшін типтік үйлерде баспананың шаршы метрі 40-50 шамасында жоспарланып отыр. Қазіргі кезде осындай аудандағы үйлер жоқ, сондықтан бірінші жылда нарықтан сатып алу шешімі жасалды. Осы қалалардың әкімдіктері пәтерлерді нарықтан алады», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын мәлім еткен еді.