14 қар, 2018 сағат 12:05

Дархан Кәлетаев: Жастар жылын өткізуде сән-салтанатты шаралардан бас тартамыз

Қазақстанда келесі жылғы Жастар жылына арналған арнайы жол картасы әзірленіп, шараларды атап өтудің бағыттары айқындалды. Жол картасының нақты осы бағыттары туралы Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда аталмыш бастаманы жүзеге асыру бойынша Жол картасы әзірленіп қойды. Жастар жылы біз үшін өте маңызды әрі басымдыққа ие екенін ерекше атап өту керек. Нақты міндеттер де белгіленді. Яғни, біз ауқымды әрі сырттай сән-салтанатты шаралардан бас тартып, Жастар жылын - барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша тура қағидат негізінде жастар индикаторын енгізгіміз келеді. Бұл негізгі міндет - Үкімет іске асырып жатқан барлық мемлекеттік бағларлама бойынша бір жылдың ішінде жастар индикторын анықтау керек», - деді Дархан Кәлетаев.

Министрдің айтуынша,  жол картасы аясында жұмыстың негізгі бағыттары да айқындалып қойған.

«Келесі жылы іске асырғымыз келетін 11 бағытты айқындап алдық. Біріншісі - жастар инфрақұрылымын дамыту, содан кейінгі ретте білім, жұмыспен қамту, денсаулық, қожетімді баспана, кәсіпкерлікті дамыту, қаржылық сауаттылықты арттыру, құқықтық мәдениет, жемқорлыққа төзімсіздікті арттыру, патриотизмді күшейту, дарынды жастарды қолдау, жастардан құрылған үкіметтік емес ұйымдарды дамыту және мемлекеттік жастар саясатын ақпаратттық тұрғыда қамтамасыз ету жұмыстарына маңыз беріледі. Міне, біз айқындап алған 11 бағыт - осы», - деді Дархан Кәлетаев.

Еске сала кетсек, елордадағы Конгресс-орталықта «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өтіп жатыр.