Бүгін Үкімет отырысында ҚР Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев жұмыссыз жастар мәселесін көтерді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік басқару саласында оқу-білімге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі төмен, жауапкершікті өз мойнына алуға ниетсіз жастарға қатысты нақты бір термин бар.
«Қазақ тілінде бұл термин ағылшын нұсқасын қайталап отыр. Алайда қазақ пайымына салатын болсақ, бұл топты «ниетсіз» деп бір сөзбен атауға болатын шығар. Ондай мінез-құлық, көп жағдайда, жастардың қоғамнан қашуына әкеліп соқтырады. Олар әлеуметтік ортада өздерін керексіз ден санайды. Суицид пен девиация сияқты проблемалардың барлығы осыдан туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады», - деді Д.Кәлетаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде «ниетсіз жастардың» нақты категориялары анықталды. Олар - білім деңгейі төмен, еңбекке жарамсыз, псиxикиалық ауытқулары барлар, жайсыз отбасынан шыққандар және тұрғылықты жерін үнемі ауыстыратындар.
«Жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне жұмыссыздық тікелей әсер етеді. Халықаралық еңбек ұйымының өткен жылғы баяндамасына сәйкес, соңғы 20 жылдың ішінде әлемде жастардың саны 139 млн адамға өскен. Ал жұмыспен қамтудың үлесі 30 млн адамға кеміген. Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту мәселесі жақсарып келеді. Мәселен, 2011 жылы еңбек пен оқуға тартылмаған жастардың үлесі 18,6 процент болса, биылғы жылы аталған көрсеткіш 7,7 процентке кеміді. Алайда бұл жерде шешімін таппай жатқан бірқатар мәселелер бар. Біріншіден, «ниетсіз жастардың» саны 300 мыңнан асады. Былай қарасаң, ол бір облыс орталығында тұратын xалықтың санымен бірдей. Екіншіден, оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ, Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында жұмыспен қамтылмаған жастардың саны тым жоғары. Үшіншіден, жас әйел адамдардың осы топқа кіру қаупі зор болып отыр», - деп атап көрсетті Д.Кәлетаев.