Тарихы терең Тараз өңіріндегі іргелі жоғары оқу орны – Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Киіз туырлықты қазақ халқында «Елу жылда – ел жаңа» деген дана сөз бар. Осы жылдар белесінде қоғамымызда ғасырларға татитын аса ауқымды өзгерістер болды. Аға буынның бірнеше легі ауысып, өскелең ұрпақтың көптеген буыны тарих сахнасына шықты. Қоғамдық қатынастар алмасты, құндылықтар жаңарды. Адамзат дамуы сан қилы кезеңдерді бастан өткерді. Мерейтой қарсаңында институттың бүгіні мен болашағы туралы оқу орнының ректоры Дария Қожамжаровамен сұхбаттасқан едік.
«Заманауи ұстаз дайындау – мемлекет дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс»
– Дария Пернешқызы, өткен заманда бір ғұлама: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес. Өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» деген екен. Әңгімеміздің әлқиссасын ұлт тарихының алтын діңгегі ретінде әспеттелер Әулиеата атырабындағы көзіқарақты көпшілік қауым «ұстаздар ұстаханасы» деп ат қойып, айдар таққан педагогикалық оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.
– Әлбетте, «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі», – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз – адам тәрбиешісі, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтін ерекше кәсіп иесі, адамды адам етуші тұлға. Шәкіртінің бойындағы өзгеге байқалмайтын жақсы қасиеттерді көре білетін, оны дамытуға бірден-бір жәрдемші бесаспап маман. Міне, бұл тұрғыда бізге жүктелер жауапкершілік жоғары. Ұстаздықтың ұлы жолында талмай еңбек еткен адам ғана өзінің биігін бағындыра алады. Оның негізі – ізденімпаздық пен талап. Жоғары білікті, жаңа тұрпатты мұғалім дайындау негізгі миссиясы болып табылатын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бүгінде 6 мыңға жуық студент білім алуда. Оларға 15 ғылым докторы, 130-дан астам ғылым кандидаты мен 200 ғылым магистрі дәріс береді. Қазіргі таңда ТарМПИ әлем елдерінің 45-тен астам жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында Англия, Франция, Қытай, Германия, Катар және Канада сынды мемлекеттердің университеттері бар. Оқу орнында шетелдік әріптестермен қарым-қатынасты дамыту мақсатында бірқатар меморандумдар мен келісім-шарттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Кембридж университетінің Білім беру факультеті, Перпиньян университеті және Шэньси педагогикалық университетімен қабылданған өзара түсіністікті нығайту туралы келісімдердің аясында әріптестіктің перспективалы бағыттарын ілгерілету, оқытушылар мен студенттер арасындағы білім беру, кәсіби және мәдени байланыстарды дамыту қарастырылған. Осы орайда айта кетейін, Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі ұсынған 2016 жылғы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде педагогикалық ЖОО бағыты бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 65 баллдан жоғары нәтиже көрсетіп, 6-орынға ие болды. XXI ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Бүгінде әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің жаңашыл ұстаздардың қолына тапсырылып отыр. Білікті ұстаз дайындау – мемлекет дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс екендігін баса айтқым келеді. Жаңашыл ұстаз дегеніміз кім? Менің ойымша, ол – біріншіден, жастарымыздың бойына халқымызға тән адамгершілік сипаттағы дүниетаным, өз мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне, қол өнері мен педагогикасына деген сүйіспеншіліктерін, қазақ халқының ашық-жарқындығы мен бауырмалдығын, ұлттық құндылықтарды сіңіре алушылық қабілетіне ие болғаны жөн. Екіншіден, өзі оқытатын пәнді терең меңгеруге міндетті.
«Ғылыми әлеуетті дамыту – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі»
– Ғылыми әлеуетті арттыру – еліміздегі жоғары оқу орындарының басты мүдделерінің бірі екендігі белгілі. Бұл тұрғыда институтта қандай жұмыстар қолға алынған?
– Ұлы Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Жиырмасыншы ғасырдың басында. Хакімнің бұл сөзін барша қазақ жастарына арналған өсиеті, аманаты деп ұғуымыз керек. Көпшілікті ғылым мен білімге бастайтын – ғалымдар мен ұстаздар. Халқымыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» дейтін болса, мен «Нағыз ғылым – инемен құдық қазғандай» дер едім. Жас ғалым өзі алған тақырыбын терең зерттейді. Қоғам дамуына қажетті жаңалықты ашу жолында бар күш-жігерін жұмсайды. Ашқан жаңалығы жаңа технологияға пайдалануға жарай ма, жарамай ма, экономикалық жағынан тиімді ме, жоқ па, соның бәріне сараптама жасайды. Бұл қажырлы еңбекті қажет етеді. Нағыз ғалымдарды халық ерекше құрмет тұтады, олардың ой-пікірлерін, ғылыми негіздерін қызығушылықпен тыңдайды. Сіздің сауалыңызға жауабымды әріден бастауымның өзіндік себебі бар. Өйткені, Елбасының алға қойып отырған маңызды бағдарының бірі – ғылыми әлеуетті арттыру. Ол бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі һәм бірегейі. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан оқу орны. Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамыту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Десе де бұл тарапта мүмкіндігімізше бірқатар игілікті істерді атқарудамыз. Үш жылдай уақыт бұрын оқу орнының жанынан Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталық ашқан болатынбыз. Мақсат – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, мұрағаттық материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Жеті бағыт бойынша жұмыс істейтін орталықта бүгінге дейін «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша 18 ғылыми еңбек жарық көрді. Олардың қатарында «Қазақ хандығы» энциклопедиясы мен монографиясы, «Түркістан жинағының» 4 томы, «Тұрар Рысқұлов өмірі мен қызметінің күндерегі» және тағы басқа кітаптар бар. Белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлы басқаратын «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2004 жылы ашылып, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс атқарады. Бұған дейін ұлт мақтанышының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді. Қазіргі таңда батырдың көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда. Онда қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшысы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған. Сонымен қатар, педагогикалық оқу орны «Жас ғалым» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын еліміздегі жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін екі жылда бір рет ұйымдастырады. Конференцияның басты мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми білім беру кеңістігін дамыту. Жиынның тағы бір көздегені – ізденушілердің өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Мәселен, осымен алтыншы рет өткен биылғы конференцияға 400-ден астам жас дарындар жиналды. Олардың арасында Қазақстанның барлық аймағындағы орта мектеп пен жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары бар. Сондай-ақ, шараға танымал тарихшылар мен белгілі ғалым-зерттеушілер, Қазақстан, Жапония және Қырғызстанның арнайы білім беру мекемелерінің қызметкерлері де шақырылған. Оқу орнының 50 жылдығына арналған конференция гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары секциялары бойынша өткізілді. Аталған секциялар бойынша барлығы 500-ден астам жұмыс келіп түскен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді ғылыми-инновациялық салада зор серпіліс жасап, еуразиялық кеңістікте осы саланың көшбасшылардың бірі болу керектігін міндеттеді. Қазіргі күнде жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу мүмкін емес екені баршаға белгілі ақиқат. «Жас ғалым» сол ғылым әлемінде бақ сынап жүрген жас ұрпақтың өкілдерін басын қосатын шара. Турасын айтсақ, сол жастардың болашағы – елдің болашағы, ұлттың ертеңі. Алдымызға қойып отырған бұл міндеттер аса ауқымды. Ол үшін бәрімізге үлкен күш-қайрат, ерік пен жігер керек. Бастысы білім мен ғылым керек. Қазақстан экономикасының өзегі білім мен ғылымға негізделуі қажет. Сонда ғана жоспарымыз орындалып, көздеген мақсат үдесінен шығатынымызға сенімдіміз.
«Үш тілде білім беруді енгізу заман талабынан туындап отыр»
– Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары әрбір қазақстандыққа, оның ішінде ұстаздар қауымына да тікелей қатысты екендігі сөзсіз. Өйткені, аталған маңызды құжатта көрсетілген бағыттарды мұғалімдердің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Ұлт жоспарының бір қадамы – үш тілді білімге көшу жайына арналған. Осы бағытта оқу орнында қандай істер атқарылуда?
– Үш тілде білім беру – бүгінгі заман талабы, бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі. Осы арқылы құзыретті һәм заманауи тұлғаны қалыптастыра аламыз. Қазақ тілі – отанымыздың тілі, мемлекеттік тіліміз, біздің патриоттығымыздың белгісі болса, ал, ағылшын және орыс тілдерін үйретудегі мақсат XXI ғасырда өмір сүріп жатқан жастардың ертеңгі күні еңбек нарығындағы қажеттілігін қамдау үшін қолға алынған. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында үш тілде оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлену керектігі, оның ішінде қазақ тілінің басымдығын сақтауға және әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетіндігі айтылды. «Үш тұғырлы тіл» саясаты институттың Даму стратегиясында айқын көрсетілген. Оқу орнында үш тілде білім беру бағдарламасы бойынша педагог мамандарды даярлау 2012 жылдан бері іске асырылып келеді. Бүгінде «Тарих», «Математика», «Информатика», «Химия», «Физика», «Биология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбие», «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандықтарында оқитын студенттер үш тілде білім беру жүйесі бойынша оқытылуда. Аталған бағдарламаны енгізу нәтижесінде білімгерлер бірқатар нәтижелерге де қол жеткізді. Сонымен қатар, педагогикалық институттың 36 оқытушысы мен 152 студенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуға арналған деңгейлік тілдік курстарда білімдерін жетілдіруде. Бұл шара Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы және Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының арасында үш тілде білім беруді дамыту бағытында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылып отыр. Жуырда оқу орнының 51 оқытушысы пәндік сабақтарды ағылшынша жүргізу үшін тілдік біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, институтта ағылшын тілінде оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар және электронды оқулықтар шығару қолға алынған.
«Білікті ұстаз білімді шәкірт пен мықты мемлекет кепілі»
– Педагог қоғамның зияткерлік капиталының іргетасын қалайды. Осыған орай елімізде білікті ұстаз даярлау мәселесі басты назарда. Бұл тұрғыда бірқатар бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Білікті ұстаз даярлау үшін педагогикалық институтта нендей іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Әрине, білікті һәм кәсіби мұғалім білімді ұрпақ пен мықты мемлекеттің кепілі болмақ. Осы міндетті нақты іс жүзінде орындау үшін өткен жылдың қазан айында институтта Педагогтардың біліктілігін көтеру орталығы ашылды. Мақсатымыз – әлемдік озық практикаларды ескере отырып, мұғалім мамандарын сапалы даярлауды қамтамасыз ету, педагогикалық тәжірибеге «өмір бойы оқу» концептуалдық тәсілін енгізу, ұстаздарды кәсіби дамытуға инвестицияның барынша тиімділігіне қол жеткізу. Қазіргі күнде орталық төрт бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы білім беру мекемелеріндегі педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, оларды үш тілде білім беру бағдарламасы аясында қайта даярлау және курсқа қатысушыларды онлайн режимінде заманауи инновациялық технологиялар әдістері арқылы оқыту қолға алынған. Бүгінге дейін орталық ұйымдастырған арнайы курстарға 166 мұғалім өтініш беріп, оның 80-і қайта даярлаудан өтті. Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері мен мұғалімдері педагогикалық мамандықтардың 27 білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдіріп үлгерді. Білім мен ғылымға қойылар талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғамның мұғаліміне жүктелер міндет те еселене түсуде. Ұстаздар қауымы алдында білім беру ғана емес, өркениет көшіне жол бастайтын, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісі де тұр. Осы мақсатта Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Жамбыл облысының педагог мамандары мен жоғары оқу орны оқытушылары арасындағы инновациялық оқыту технологияларын арттырып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Оқыту мен тәжірибе» атты аймақтық байқау өткізу дәстүрге айналған. Бұл тарапта атқарылып жатқан істеріміз бір бұл ғана емес. Күні кеше ғана институт жанынан Педагогикалық шеберлік орталығы ашылды. Мұнда мектеп оқушылары мен болашақ педагогтарға инновациялық технологияларды зерделеуге арналған сабақтар мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осы тақілеттес орталық аймақтағы жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш рет ТарМПИ-да ашылып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Шебер педагог білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алуы қажет. Орталық осы міндеттерді негізге ала отырып қызмет етпек.
Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен мұғалімге байланысты. Ал, осы жауапкершілікті абыроймен атқару ардақты ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет. 50-ші оқу жылын өткеріп отырған ұлағат ұясы да кемел келешекке осындай айқын мақсат қойып отыр.
«Кәсіби біліктілікті заманауи технологиялар арқылы көтеру басты назарда»
– Жаһан жұртшылығы үшін жаңа технологияларды дамыту өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, ғылыми техникалық ресурстар әрбір мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орнын анықтауға сеп болмақ. Оқу орнында заманауи құралдарды оқу үдерісінде кәдеге жарату мақсатында нендей істер қолға алынып отыр?
– Сауалыңыз орынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының бірінші басымдығында экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы жайында айтқан болатын. Елбасы жүктеген жаңа міндеттерді нақты іске асыру барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Балалар университеті ашылды. «Kids University» жобасы мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытуды, заманауи технологияларды меңгертуді және оны өмірде қолдана білуге дағдыландыруды көздейді. Оқу орнының 50 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шара 8 бағыт бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезең бойынша институт ғалымдары Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектеп оқушыларын химия, биология, физика және робототехника салалары бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының қыр-сырымен таныстырып, инновациялық ойларын ортаға салды. Кешенді тәжірибе жүргізуге педагогикалық институттың базасында толық жағдай жасалған. Оқу орнында студенттер мен мектеп оқушыларының робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «Электротехника», «Радиотехника», «Электроника негіздері» және «Мектептегі робототехника» оқу-зертханалары жұмыс істейді. Дәрісханалар Lego, Tetrix, Аrduino роботтарымен, заманауи құрылғылармен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық нұсқаулықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, Физика-математика факультетінің Жамбыл облысындағы орта және арнайы мектептеріндегі информатика пәні мұғалімдерінің робототехника, электроника негіздері мен радиотехника пәндері бойынша біліктілігін көтеруге арналған материалдық және ресурстық базалары бар. Институтта тәжірибеден өткен озық ойлы оқушылардың ғылыми жобалары орталықта топтастырылады. Еңбектерді өндіріске енгізу ісі де жан-жақты қарастырылмақ. Бүгінде педагогикалық оқу орны өңірдегі бірқатар кәсіпорындармен келісімге отырған. Осыған орай, институт студенттері түрлі өндіріс зертханаларында өз жобаларын тәжірибеден өткізуде.
Ал, жобаның өнер, мәдениет және спорт бағыты бойынша ТарМПИ ұстаздары жеткіншектерге «Дизайн», «Бейнелеу өнері», «Спорттық жаттығулар», «Сурет және сызу», «Хореография», «Алғашқы әскери дайындық» және «Музыкалық аспаптарды үйрену» секциялары бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, аталған мамандықтардың қыр-сырымен таныстырды. Тәжірибелік сабақтарды есімі елге белгілі өнер майталмандары, қылқалам шеберлері мен әлемдік спорт бәсекелерінде «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан спорт шеберлері өткізді. Бұл шараның мектеп оқушыларының мамандық таңдауда тигізетін ықпалы зор. Жастардың өз бейіміне қарай дәл сол салада терең білім алуы – еліміздегі маман тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесінің оң шешім табуына сеп болмақ.
Заманауи технологияларды мектеп бағдарламасына енгізудің алғышарттарын жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы бұлар. Сондай-ақ, институттың ұйытқы болуымен «ТарМПИ мектепте» атты акция жүргізілді. Заман талабына сай өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, жан-жақты дамуына жол ашу мақсатымен қолға алынған жоба аясында Жамбыл облысындағы мектеп оқушылары робот құрастыруға машықтанып, жаңа технологияның қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды. Акция Байзақ, Жуалы, Т. Рысқұлов, Меркі, Жамбыл аудандарында және Тараз, Қаратау қалаларындағы 50 мектепте ұйымдастырылып, оған 3000-ға жуық мектеп оқушысы тартылды.
«50 жыл – 50 игілікті іс» жобасы іске асырылуда»
– Оңтүстік өңірінің жоғары оқу орындарының ішінде беделі зор, талай даналар мен дараларды білім нәрімен сусындатқан – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты биыл елу жылдығын атап өтпек. Ұлағат ұясының мерейтойы қарсаңында қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығы тек оқу орны ұжымы мен студенттерінің ғана емес, осы уақыт аралығында білім ордасында оқыған түлектер мен ұстаздар қауымының тойы. Атаулы датаны өз деңгейінде атап өту біздің еншімізге тиіп отыр. Әрине, барлық факультеттер мен құрылымдық бөлімдерде мерейтойға байланысты арнайы жоспар түзіліп, іс-шаралар легі жыл басынан бері өткізіліп келеді. Ол туралы республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болып отырсыздар. Ал, жалпыинституттық «50 жыл – 50 игілікті іс» жобасы аясында ақпан айында «Балалардың сөйлеу тілін түзету мен дамытуға қолдау көрсету» орталығы ашылды. Оның ашылу рәсіміне ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысты. Орталықта сөйлеу қабілетінің кемістігі бар жеткіншектер оқып, тәрбиеленбек. Бұнда дефектолог мамандар сәбилерге жан-жақты педагогикалық, физиологиялық және психологиялық зерттеулер жасап, кемістікті түзеу бағытында жұмыс атқарады. Сонымен қатар, жастардың рухани-адамгершілік дамудың үйлесімділігіне қол жеткізу, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту, өзара түсінісу мен өзара келісімге ұмтылу, өзін-өзі жетілдіру және кемелдендіруді іске асыру мақсатында «Өзін-өзі тану» орталығы пайдалануға берілді, «Relax» психологиялық қызмет көрсету кабинеті ашылды.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалым-зерттеушілер, танымал тіл мамандарының қатысуымен «Ұлы Дала Елі құндылықтары және ғаламдық білім беру индустриясындағы интеграция» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, «Елу жылда ел жаңа» атты облыстық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қазақстан халықтарының ұлттық билеріне арналған «Би әлемі» атты аймақтық байқау өтті. Хореографиялық сайысқа Жамбыл облысындағы орта білім беру мекемелерінің оқушылары қатысты.
Рухани құндылықтарды терең меңгерген, әлеуеті биік, мәдениеті жоғары елдің болашағы – баянды, ертеңі – ерен. Осы орайда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «50 жыл – 50 кітап» акциясы басталды. Әлеуметтік-мәдени жобаның мақсаты – қазақ және әлем әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, өскелең ұрпақты отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сондай-ақ, институттың қызметкерлері мен студенттерін оқуға, кітапханаға тарту. Ең бастысы – институт мерейтойына арнап арнайы кітап пен деректі фильм дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ұстаз» ескерткішін орнату мен Жүсіп Баласағұн атындағы мұражай салу жоспарымызда бар.
«Басты қағидамыз: «Ойлау – жоспарлау – жасау»
– Аймақтағы жетекші жоғары оқу орнының алдағы кезеңдерге арналған жоспарлары жайында ой бөліссеңіз.
– XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Біздің алдымызда ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және отаншылдық рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Бүгінгі жастар – мемлекетіміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің қорғаны, еліміздің болашағы. Осы орайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында білім беру жүйесінің рөлінің өзгеруі тиістігін және білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру қажеттігін міндеттеді. Сонымен қатар, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керектігі алға тартылып отыр. Еліміздегі орта мен жоғары білім беру жүйесінде бірқатар стратегиялық міндеттер жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, үш тілде оқуға көшуді кезең-кезеңімен іске асыру, 12 жылдық білім беруге көшу, шағын жинақты мектеп мәселесі, критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектеріне «өмір бойы білім алу» қағидасының қолжетімділігін арттыру сынды басымдықтар бар. Ұжым «Ойлау – жоспарлау – жасау» қағидасы негізінде бірқатар игілікті істерге мұрындық болуда. Елу жылдық уақыт белесінде оқу орнында ұйымдастыру мәдениеті қалыптасып, тиімді кадрлық менеджмент пен корпоративті басқару ісі жүйеленді. Бұл өз кезегінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын қабылдауға негіз болды. Бұл құжатта оқу орнының қызметін одан әрмен тұрақты дамытуды қамтамасыз ету және білім беру қызметі мен еңбек нарығындағы стратегиялық позициясын нығайту басты назарға алынды. Стратегиялық бағдарламада оқу орны қызметінің артықшылығы мен бағдарын әлемдік тенденцияға сай жүйелеудің негізгі тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, институттың басым бағыттары мен жетістіктерін Қазақстанның оңтүстік аймағын дамытуда пайдалану механизмі ұсынылды.
Стратегиялық бағдарламаның бес негізгі басымдығын атап өткім келеді. Негізгі бағыттар жоғары оқу орнының дамуын орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және жоғары білім беру қызметін әрмен қарай тұрақты түрде ілгерілетуге лайықталған. Бірінші басымдықта оқытудың аралас және онлайн түрлерін енгізу арқылы оқу жоспарлары мен бакалавриаттың негізгі білім беру бағдарламаларын әзірлеу және модернизациялау жүзеге асырылады. Оның ішінде шет тілдерінде де білім беру бағдарламалары жасалмақ. Бір бұл ғана емес. Негізгі басым бағыттар бойынша үш тілде білім беруді сапалы қамтамасыз ету, жаңа буын үшін білім беру ресурстарын дайындау, қосымша білім беру жүйесі үшін жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеу, электронды кітапхана жүйесі мен оған азаматтардың қолжетімділігін дамыту және білім беру бағдарламаларын қоғамның әлеуметтік-кәсіби құрылымының мойындауын қамтамасыз ету іске асырылады. Бағдарламаның екінші басымдығы ғылым, білім беру және мектептің өзара бірігуінің алдында тұрған мәселелерді шешуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын тәжірибе жүзінде дамытуға, жоғары оқу орнын іргелі, қолданбалы және педагогикалық зерттеулер саласы бойынша әлемдік білім беру кеңістігімен біріктіру шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған. Үшінші басымдық стратегиялық менеджментті заманауи технологияға ендіру арқылы институтты басқарудың заманауи құрылымын құруды және заманауи корпоративтік мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, жоғары оқу орнының негізгі стратегиялық бақылау органы ретінде Қамқоршылық және Байқау кеңестерінің қызметін жандандыру, басқару құрылымын оңтайландыруға мүмкіндік беретін Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізу және оқу үдерісін жоспарлау процедурасын өңдеу қарастырылған. Төртінші басымдық педагог кадрлардың біліктілігін көтеру жүйесін жетілдіруді, еңбекақыны қызметкердің біліктілігіне қарай саралауды, түлектердің жұмысқа орналастыру бойынша жүргізілетін мониторинг барысын жақсартуды қамтамасыз етеді. Аталған тренд институттың корпоративті ортасының шығармашылық әлеуетінің өсуіне, қызметкерлер мен студенттердің инновациялық белсенділігінің артуына, олардың өзін-өзі кәсіби дамытуына бағытталған. Бұл басымдықтың басты мақсаты – профессор-оқытушылар құрамының еңбек өнімділігін арттыру. Бесінші басымдықта оқу орнының инфрақұрылымын дамыту назарға алынған. Бұл профессор-оқытушылар мен қызметкерлерге және студенттерге оңтайлы жағдай жасау арқылы жүзеге асырылмақ. Институт кафедраларындағы оқу және ғылыми зертханалар паркін жаңалау – оқу мен білім беру саласындағы модернизация үдерісін жеделдете түседі. Ал, кітапхана мен өзге де ақпараттық ресурстарды жетілдіру білім беру процесін ақпараттық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз ететін болады.
Жарты ғасыр уақыт мерзімінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мұғалім мамандарын, ұстаздарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде іргелі оқу ордасы білім беру нарығында туындаған қажеттіліктерге сай жаңашыл жұмыс істеу тәсілдері мен түрлері арқылы мол тәжірибе жинай білді. Білім беру – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Көпшілік қауымға ортақ игілік. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғам һәм бүгінгі заман мұғаліміне де жүктелер жүк еселене түсуде. Нағыз ұстаз – оқушы жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Қазіргі күнде институт ұжымы осы талаптар үрдісінен шығу мақсатында жұмыс істеуде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жандар АСАН,
ТарМПИ-дың Ақпараттық имидждік қызметінің жетекшісі