23 қар, 2020 сағат 20:10

Дәріханалардан заңсыз сатылған 6 мыңға жуық психотроптық препарат тәркіленді

Ішкі істер министрлігі «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл шараның негізгі міндеті – есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін, фармацевтикалық қызмет ережелерін және есірткі айналымы саласындағы үй-жайларға қойылатын талаптардың сақталуын анықтау. Рейд барысында полиция қызметкерлері өз қызметінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды тексерді. 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ақпараты бойынша, 5 күн ішінде елімізде 78 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Олардың 44-і дәріханаларда дәрі-дәрмекті рецептісіз жіберумен байланысты болып отыр. Құрамында есірткі және психотроптық заттар бар медициналық препараттардың 6 мыңға жуық таблеткасы мен ампуласы тәркіленген. 

«Мысалы Ақтөбе облысындағы бір медициналық мекемені тексеру барысында заңсыз сақталған 90 ампула морфин мен 2500 ампула фентанил тәркіленді. Кінәлі лауазымды адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Бұдан басқа операция кезеңінде есірткінің заңсыз айналымы саласында 51 қылмыс, оның ішінде 27 өткізу фактісі, 23 есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау және 1 контрабанда фактісі анықталды. Мәселен, елордалық есірткімен күрес полицейлері бұрын сотты болған 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Одан 20 келіге жуық оралған және сатуға дайын гашиш тәркіленген. «Қара нарықта» оның бағасы 30 млн теңгені құрайтын еді», - деп хабарлайды министрліктен. 

Осыға ұқсас тағы бір фактіні Қостанай облысының есірткіге қарсы күрес полицейлері анықтаған. Жетіқара қаласының тұрғыны өз үйінің еденінің астында 500 гр шамасында героин сақтаған. Тінту барысында полцейлер есірткіден басқа, таразы мен қомақты соманы тәркіледі. Айта кетейік, героиннің аса ірі мөлшері 1 граммды құрайды. Ал оны сақтағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Анықталған барлық факті бойынша қылмыстық істер қозғалды.