13 шіл, 2020 сағат 09:20

Дәрігерлеріміз соғыста санитарлар басынан кешіргендей жағдайда жүр - Марал Ысқақбай

Дәрігерлеріміз соғыста санитарлар басынан кешіргендей жағдайда жүр. Мұндай пікірді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

«Бұл тыныш жатқан елге аяқ астынан жау шапқандай қылған, төтеден келген індет болып тұр. Елдің басына бейнет төндіріп отыр, қиын жағдай. Президентіміз, де мешіттегі имамдар да жұртшылықты сабырға шақырып жатыр. Сабыр қылғаннан басқа қолымыздан ештеңе де келмейді. Бұл індет кезінде медицинамыздың да жағдайы нашар екендігі көрініп қалды. Пандемиямен күресте мүмкіндігіміз қандай екендігін байқадық. Қазіргі уақытта дәрігерлеріміз екінші дүнижүзілік соғыстағы санитарлар басынан кешіргендей жағдайда, ауыр шепте жүр. Нағыз ерлік көрсетіп жатқан солар деп ойлаймын», - деді қоғам қайраткері. 

Қаламгер мемлекет тарапынан халықты дәрі-дәрмекпен және өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз ету жұмыстарын ширату керектігін баса айтты. 

«Бұған қоса, елдің басына түскен қасіреттен пайда тапқысы келіп, дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтерген алаяқ алыпсатарлардың да бар екенін көріп отырмыз. Қайтеміз енді, Алла ақырын берсін! Айналып келгенде Алладан басқа сенеріміз де жоқ. Аман болайық, ел-жұртымызды сабырға шақырайық. Сақтық шараларын барынша сақтайық», - деді Марал Ысқақбай.