23 сәу, 2020 сағат 22:03

Дәрігерлерге үстемеақы төлеуде қандай заңбұзушылықтар анықталды

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлерге үстемеақы төлеуде анықталған заңбұзушылықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр тапсырмасы бойынша, дәрігерлерге берілетін үстемеақының дұрыс аударылуы үшін өңірлердегі барлық комиссия құрамына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қосылған. 

«Қазірдің өзінде қор өкілдері бірқатар кемшілікті анықтады. Атап айтсақ, қауіп тобында көрсетілмеген қызметкерлерге (бас дәрігерлер мен олардың орынбасарлары) үстемеақы негізсіз төленген. Үстемеақы алуы тиіс мамандар (клиникалық және биохимиялық зертхана, рентгендік диагностика қызметкерлері) шет қалған. Қызметкерлердің қауіп тобы асырып көрсетілген. Науқастар табельде көрсетілген датадан кейін ауруханаға жатқызылған. Жұмыс уақытының айлық балансы көтеріліп, маманға берілетін үстемеақы сомасы азайған. Өңірлерде төсек-орын шамадан тыс әзірленген, арнайы жедел жәрдем бригадасы анықталмаған», - деп жазды министр Facebook-парақшасында.

Сонымен бірге, министр бір айда атқарылған сағаттар көлемі бойынша пікір білдірді. 

«Бас санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес, ауру аймағындағы дәрігерлер жеке қорғаныс құралдарын киіп (1-типтегі обаға қарсы костюм) 3 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Осылайша, еңбек заңнамасының нормаларына сүйене отырып, залалды еңбек жағдайында аптасына 36 сағат, Бас санитарлық дәрігер Қаулысына сәйкес, күніне 6 сағат (қорғаныс киімін кем дегенде екі рет ауыстыру қажет) жұмыс істеуге рұқсат етілген. Жалпы, медицина қызметкерінің бір ауысымы 8-12 сағатқа жетеді. Себебі, олар науқасты емдеуден бөлек, құжаттармен жұмыс істейді, консультация жүргізеді, тамақ ішеді, демалады және тағы басқа. Осылайша, бір айлық ставка жасалады», - деп түсіндірді Е. Біртанов.