Дәрігерлердің қамауға алынуына Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың қатысы жоқ. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр Алматының бас полицейінің дәрігерлердің қамауға алынуына еш қатысы жоқ екенін айтты.
"Біріншіден, ішкі істер министрлігі де, Серік Күдебаевтың ұлы жұмыс істеген прокуратура да тергеуді жүргізген жоқ. Тергеуді үшінші орган – экономикалық тергеу қызметі жүргізді. Министрлік тарапынан ешқандай қысым болған жоқ. Шешімді аталған орган өзі қабылдады. Сіздер білесіздер, санкцияны тек сот береді", - деді Тұрғымбаев үкімет кулуарында.
Ведомство басшысы іспен неге экономикалық тергеу қызметі айналысып жатқанын түсіндірді.
"Мүдделі адамдар немесе қызметкерлердің басқа органның басшысымен туыстық байланысы болған кезде, үшінші құқық қорғау органына беру туралы шешім қабылданады. Ал бұл жағдайда мұндай орган экномикалық тергеу қызметі болып отыр. Прокуратура осындай шешім қабылдады", - деді ол.
Алматылық дәрігерлердің ұсталуы
Жуырда Алматыда №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев ұсталып, сот шешімімен екі айға қамауға алынған еді.
Дәрігерлерге Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлігі "Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы" бойынша айып тағылды.
Тезекбаевтың бас дәрігер қызметінен уақытша шеттетілгені хабарланды.
Алматылық дәрігерлердің ұсталуы медицина қызметкерлерінің наразылығын туғызды. Бұл іске Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та араласты.
Егер кінә дәлелденсе, дәрігерлер үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.
Бұған дейін желіде Тезекбаевтың ұсталуы Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімімен байланысты болуы мүмкін екені жазылған хат тараған еді. Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев биыл тамыздың басында Алматы облысында квадроциклмен жол апатына түскен болатын.
27 тамызда ол Германиядағы емханалардың бірінде көз жұмды.