Дәрігерлерге берілетін үстемақы жас мамандардың ынтасын арттырып, мамандыққа деген махаббатын күшейтеді. Бұл туралы Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері Әсем Омарова «Ұлт» порталына әңгімелеп берді.
Карантин бөлімінде қызмет етіп жатқан Әсем Бихасымқызы дәрігерлерге беріліп жатқан үстемақы қауіп пен қатердің ортасында жүрген мамандарды жігерлендіретінін айтты. Алайда жас маман үшін маңыздысы үстемақы емес, еліміздегі қиыз кезеңде адал қызмет ету.
«Қазіргі кезде көп жерде дәрігерлерге беріліп жатқан үстемақы туралы сөз болады. Иә, рас, ақша біздің өмірімізде аз орын алмайды. Қажеттілігі ешқашан жойылмайды. Дегенмен бұл өмірде маңыздысы ақша емес екенін бәріміз түсінеміз. Әрине, мемлекет бізді қолдап, үстемақы беріп жатқаны бізді қуантады. Дәл осы қиын жағдайда дәрігерлердің статусы көтерілді деп ойлаймын. Ең бастысы мына күресте біз жеңіп, осы сынақтан халқымыз аман-есен, бәріміз бүтін шықсақ екен», - дейді Әсем Омарова.
Дәл қазір коронвирус инфекциясына қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген медицина саласының қызметкері Әсем Бихасымқызы дәрігерлерге үстемақы тағайындалмаған күннің өзінде де дәл осы жолды таңдайтынын айтты.
«Мен үшін үстемақы емес, ақ халатым мен антым маңызды. Ал медициналық үстемақыға мен өз тарапымнан емес, жұмыс орнымнан ұсынылған. Әр дәрігер саналы түрде осы жолды таңдар еді деп ойлаймын. Біздің бөлімде 7-8 дәрігер жұмыс істеп жатырмыз. Ал бізде карантинде жатқан адамдарды науқас деп айта алмаймыз, олар тек байланыста болған кісілер. Бірақ біз үлкен қауіптің алдын алып, олармен жұмыс істеп жатырмыз», - дейді ол.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері Әсем Омарова жас маман, жасы 27-де. Соған қарамастан ол барлық күш-жігерін коронавируспен күрес жолына арнап отыр.
«Үйге бармағаныма бір ай болды. Ата-анамды, бауырларымды сағынамын, олар да мені асыға күтіп отыр, бір жағынан алаңдайды. Бірақ қолым қалт етсе, отбасыма хабарласып, алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтып, сабырға шақырамын. Бұйырса, мына індеттен аман-есен шықсақ, отбасымызбен де, жұмысымызбен де, халқымызбен де аман-есен қауышатын күн келеді», - дейді дәрігер Әсем Бихасымқызы.