Қазіргідей коронавируспен жаппай күрес жүргізіліп жатқан кезеңде өз міндетімізді кәсіби әрі жауапкершілікпен атқара білуіміз керек. Бұл туралы Бәйтерек аудандық ауруханасының дәрігер-реаниматологы Азамат Ізбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, дәрігер болып 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді.
«Қазіргі кезде провизорлық бөлімшеде 29 наурыздан бері жұмыс жасап жатырмын. Әрине, осындай уақытта медицина қызметкерлеріне үстемеақы төленіп жатқаны – мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Емделушілерге барынша қызмет көрсетудеміз. Олардың арасында коронавируспен шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болғандар немесе шет елден келгендер бар», дейді Азамат Ізбасов.
Дәрігер негізі наурыз айында еңбек демалысына шығуы керек екен. Бірақ демалыс төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырылды.
«Ең бастысы, індет қатерінен тезірек құтылып, қалыпты өмірге оралсақ екен. Бұған өз үлесімізді қосу – кәсіби әрі азаматтық борышымыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Ізбасов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 215 медицина қызметкеріне 22,6 млн теңге төленгенін, өңірде соңғы тіркелген екі науқастың бірі Ресейден келгенін жазған болатынбыз.