19 мам, 2017 сағат 18:43

Данияр Елеусінов: Ұлттық құрамаға қайта оралуым мүмкін

Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы ұлттық құрамаға қайтып келуі мүмкін. Бұл туралы боксшы ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында мәлім етті.

- Данияр, өткен жылдың аяғында бір жола кәсіпқой боксқа ауысқаныңды еліміздегі барлық БАҚ өкілдері жарыса жазып, сәттілік тілеген еді. Бүгін келісім жасаған компанияңмен қол үзгенің туралы ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас?

- Иә, қалай естіп жатсаңыздар, солай болып жатыр. Австралиялық MJA Entertainment промоутерлік компаниясымен келісімшартымыз бұзылды.

- Оған не себеп болды?

- Олар бізді алдап соқты. Ал оларды кім алдағанын нақтылы білмеймін. Олар бізге берген уәдесін орындай алмады. Негізі жоспар бойынша мамыр айында Қытайда бірінші жекпе-жегімізді өткізуіміз керек болған. Өтпей қалды. Мүмкін қытайлықтармен келісе алмаған шығар, ол жағы да бізге түсініксіз. Міне, өткен жылдың аяғынан бері қаншама уақытымызды алды. Текке уақытымыз кетті. Сол үшін ол промоутерлік компаниямен хош айтысуға тура келді.

- Енді не істемек ойыңыз бар? Ұлттық құрамаға қайта келу ойыңызда бар ма?

- Әрине, ұлттық құрамаға қайта оралу ойымда бар. Басқа жолдар қарастырып жатқан жоқпын.

- Ұлттық құрама қайтадан оп-оңай ала салады деп ойлайсыз ба?

-Жоқ, ондай оңай шаруа болмайтынын білем. Ол үшін үлкен сүзгіден өтуіме тура келеді. Қайтадан ел біріншілігіне қатысып, өзімнің бабымда екенімді дәлелдеу керекпін.

- Ұлттық құрамадан кетіп қалғаныңызға өкініп қалған сияқтысыз?

- Алданып қалғанымызға өкінеміз. Ұлттық құрамада менімен бірге жеке бапкерім ретінде әкем де жұмыс істеді. Әуесқой боксқа кетем дегенде әкем де менімен бірге жұмыстан шығып кетті. Енді осының барлығын қалпына келтіру үшін біраз еңбектену керек екені белгілі.

- Қазір қазақтың меншігі атынып кеткен 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов деген бауырыңыз жүргенін жақсы білесіз? Сіз ұлттық құрамаға келсеңіз, қай салмақта өнер көрсетесіз?

- Иә, Жүсіповті жақсы білемін. Осыған дейін ұлттық құрамада бірге жаттықтық. Риоға бірге бардық.  Болашағынан зор үміт күттіретін талантты боксшы. Ал қазір мен ұлттық құрамаға қайта барып жатсам, қай салмақта жұдырықтасатынымды әлі шешкен жоқпын. Оны уақыт көрсетеді.