Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің (9-0, 5 КО) келесі жекпе-жегінің датасы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«27 қараша, Флорида, Голливуд. «Хард Рок» казиносында бокс кеші өтеді. Құдай қаласа сол кеште мен де өнер көрсететін боламын», - деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.
Қазақстандық спортшының кезекті айқасы туралы оның менеджері Зия Әлиев те Instagram-да анонс жасады.
Мәлім болғандай, Данияр Елеусіновтің қарсыласы – WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша бірінші орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы, намибиялық Джулиус Индонго (23-2, 12 КО).
Бокс кеші Голливудтағы (АҚШ, штат Флорида) Seminole Hard Rock Hotel and Casino аренасында өтетіні бұған дейін хабарланған болатын.
Айта кетейік, Елеусінов-Индиго жекпе-жегі сәуір айында ұйымдастырылуы тиіс еді. Алайда, пандемияға байланысты кейінге шегерілді.
Данияр соңғы жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсанында өткізді. Ол америкалық Алан Санчесті (20-5-1, 10 КО) бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.