«Ақжолдық» үміткер Дания Еспаеваның Қызылорда аймақтық сайлауалды штабының мүшелері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушыларымен кездесті. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Президенттігіне кандидат Дания Еспаеваның Қызылорда облысы бойынша сайлауалды штабына кезектен тыс президент сайлауын бақылау миссиясымен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдері Моника Джамбонини мен Лев Тарских келді.
Олар облыстық штабтың сайлауалды жұмысымен танысты. Штабтың Қызылорда облысы бойынша бақылаушылары мен сайлау комиссияларындағы «Ақ жол» партиясынан сайланған комиссия мүшелерінің саны туралы және аудандардағы үйлестірушілер мен жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстары туралы түрлі сұрақтар қойып, толыққанды жауап алды.
Кездесу барысында Моника Джамбонини мен Лев Тарских Дания Еспаеваға саяси додада сәттілік тілеп, естелік суретке түсті.