31 мам, 2019 сағат 13:15

Дания Еспаева павлодарлық кәсіпорындарды аралады

«Ақ жол» партиясы атынан президент сайлауына түсіп жатқан Дания Еспаева павлодарлық кәсіпкерлермен кездесіп, мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Аймақтық штаб «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаеваның қатысуымен үгіт шараларын ұйымдастырды.

Дания Еспаева «Технопром текс» ЖШС, «Мерусар және К» біржолғы медициналық өнімдер зауытына және «Қазэнергокабель» кәсіпорнына барды.

«Қазэнергокабель» кәсіпорны Қазақстандағы кабель-өткізгіш өнімдерін жасау бойынша алдыңғы қатарда. Мұнда кабель мен өткізгіштің 15 мыңнан аса түрін шығарылады. Өнім көлемі былтыр 18 млрд теңгені құрады.

Зауытта өткен кездесуде үміткер отандық өнеркәсіптің проблемалары барлық өңірде бірдей екенін, мемлекеттің шағын және орта бизнесті ғана емес, үлкен компанияларға да қолдау көрсету қажеттігін айтты. Дания Еспаева еңбек ұжымына өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, онда ұсынылған бірқатар шараларды атап өтті. Жиын барысында зейнет жасы, баспанамен қамтамасыз ету сынды әлеуметтік мәселелер көтерілді.  

Осындай кездесу «Мерусар және К» зауытында да өтті. 

Сондай-ақ, облыстық кітапханада Дания Еспаева мен республикалық штаб жетекшісі Азат Перуашев жұртшылыққа сайлауалды бағдарламаны таныстырды. Үміткер жиналғандардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, өтініштер назарда ұстайтынын ескертті.