26 қар, 2018 сағат 08:25

Данэлия Тулешова "Junior Eurovision" байқауында алтыншы орын алды (Видео)

Минск Аренада өтіп жатқан «Балалар Еуровидениесі - 2018» байқауының қорытындысы шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы жолы байқауға 20 елден жас орындаушылар қатысты. Бұл вокалдық конкурста Қазақстан алғаш рет бақ сынаған-тын.

Сайтта берілген дауыстардың барлығы ескеріліп, олар ұпай ретінде есептелді. Көрерменнің онлайн дауыс беруі барысында жиналған ұпайлар - қатысушыға берілген бағаның жартысы ғана, одан бөлек әр елден келген әділқазы алқасы (алқа құрамында 3 ересек, 2 бала болады) да ұпай беріп, конкурсанттың өнерін бағалаған.


Финалда әр елдің өкілдері әділқазы алқасы мүшелерінің қалай дауыс бергенін жариялап отырды. Айталық, Қазақстан өзінің 12 ұпайын (максималды дауыс саны) «Doma» әнін нақышына келтіріп орындаған македониялық үміткер Мария Спасовскаяға берді. Әділқазылар берген 68 ұпаймен қазақстандық Данэлия Төлешова 8-орында болды. 

Телекөрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша Данэлия 103 ұпай жинады. Бұл көрерменнің дауыс беру көрсеткішінде 3-орынды білдіреді. Дауыс саны мен әділқазы алқасы берген ұпай саны бойынша қазақстандық қатысушы 171 ұпаймен 6-орынға тұрақтады.

Бірде-бір әділқазы мүшесі Қазақстанға ең жоғары балл (12) қоймады. 

Балалар Еуровидениесі байқауында бас жүлдені 215 ұпай жинаған польшалық Роксана Венгель жеңіп алды. Оның ішінде 136 ұпай - көрермендер берген дауыс санының үлесі.

Атап өтсек, Беларусь астанасында 16-шы "Балалар Евровидениесі" байқауы өтті. Конкурстың он бес жылдық тарихында ең көп жеңіске жеткен Грузия қатысушылары – 3 рет, сонымен бірге бұл ел балл саны бойынша рекордтық нәтиже көрсетіпті  — 239. Беларусь, Ресей және Мальта қатысушылары екі-екіден жеңімпаз атанған.