Украинаның «Голос. Дiти» байқауында жеңіске жеткен алматылық әнші Данелия Төлешова балаларға арналған "Junior Eurovision" байқауына қатысады. Алайда оған дейін Қазақстанның өз ішінде іріктеуден өту керек, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Енді, дәл қазір нақты жоспарлар жоқ. Дегенмен, Еуровидение жайында естіп жатырмыз. Іріктеу басталғанда біз міндетті түрде қатысатын боламыз. Шынын айтсақ, әлі ойымызды жинақтай алмай, нақты жоспарды құруға уақыт болмай жатыр", - деді әнші қыздың анасы Елена Төлешова бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлымен болған кездесуде.
Ал Данелияның өзі алдымен мектептегі сабағын реттеп алуды жоспарлап отыр. "Мен өзім Еуровидениеге баруға қарсы емеспін. Себебі ол - өнер жолындағы тағы бір үлкен қадам. Бірақ маған дәл қазір мектебімде өткен сабақтарға жетіп алу қажет. Мен көп сабақты өткізіп алдым. "5"-тер аз болатын шығар. Дегенмен барымды салып, жақсы бағаларды жинап алу керек", - деді Данелия Төлешова журналистерге берген сұxбатында.
Айта кетейік, жақында 10 жастағы алматылық әнші Данелия Төлешова Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында жеңіске жеткен болатын. Алғашқы кезеңде ол әйгілі Деми Ловатоның "Stone Cold" әнін орындап, барлық қазылар алқасын тәнті еткен-тін. Бұл кезеңнің видео нұсқасын байқаудың Youtube желісіндегі арнасынан 8 млн-ға жуық адам көрген.
Ал финалда украин әншісі Святослав Вакарчуктың «Не твоя війна» атты композициясын шырқаған әнші қыз көпшілікті тағы бір таңдандырды. Сонымен қатар, Данелия Төлешоваға жеңімпаз деген арнайы атақпен бірге Disneyland Paris-де саяхаттауға жолдама берілді.