16 нау, 2018 сағат 18:21

Дана Нұржігіт - «Жылдың үздік тележүргізушісі» атанды

«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің салтанатты марапаттау рәсімінде «Жылдың үздік тележурналисі», «Жылдың үздік тележүргізушісі» номинацияларының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты рәсімде «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясы бойынша - Қуаныш Оразалиевтің «Было дело» режиссерлік жұмысы үздік деп танылды. «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы бойынша - «Наедине с природой» бағдарламасымен «Қазақ ТВ» топ жарды.

«Жылдың үздік тележурналисі» номинациясын «Еуразия» бірінші арнасынан Асхат Ниязов, ал «Жылдың үздік тележүргізушісі» марапатын Дана Нұржігіт жеңіп алды.

«Ең біріншіден осындай шараны ұйымдастырған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне алғыс айтқым келеді. «Тұмардың» ауқымы кеңейді. Бұл марапат шынында да жұмыс сапасының эталоны бола алатынына сенімім зор. Тарихи репортажды көріп отырып, керемет көңіл күйде болдым», - деді «Жылдың үздік тележурналисін» марапаттаған «Forbes Kazakhstan» басылымының жетекшісі Арманжан Байтасов.

Еске сала кетсек, «Тұмарға» өтінімдерді қабылдау толығымен автоматтандырылып, kaztube.kz порталының негізінде жүзеге асырылған болатын. Бәйгеге қатысушылардың жоғары белсенділіктерін атап өту керек. Өтінімдерді қабылдау кезеңінде kaztube.kz порталына кірушілер саны 80%-ға өсті, ал өтінімдер саны былтырғы көрсеткішке қарағанда 1,6 есеге артты (240 өтінім).

2018 жылы «Тұмарға» 397 конкурстық жұмыс келіп түсті. Олардың ішінде қазылар алқасы Бәйге ережесінің талаптарына сәйкес рәсімделген 355 конкурстық өтінімді қарауға қабылдады.

Ағымдағы жылғы бәйгеге 14 номинация бойынша өтінімдер қабылдау 15 қаңтар мен 1 наурыз аралығында жүргізілген.